Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

25.02.2016, 16:56 Жаңалықтар / Денсаулық сақтау
Туберкулезді анықтау үшін экспресс-тесттер қолданылады

Бүгін Астана қаласының туберкулезге қарсы диспансерінде туберкулездің алдын алу және оны уақытылы анықтау мәселелері талқыланды. Аталған ауруды анықтаудың жаңа әдістерінің бірі экспресс-тест биотрейсер биылдан бастап қолданысқа енгізілмек.

– Соңғы екі жылдың қорытындысы бойынша ересектер арасында туберкулезге шалдығу жағдайлары 12% төмендеп, 100 мың адамға шаққанда 58,7 жағдайда құрады. Балалар арасында көрсеткіш 20%, жасөспірімдер арасында екі есеге кеміген - 46%. Бүгінде Астана өңірлер арасында туберкулезге шалдығу жағдайлары бойынша 10-шы орында, бұл еліміздегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Туберкулезді уақытылы анықтау маңызды аспекті болып қалады. Бұл үшін жоспарлы флюороографиялық тексерулер жүргізіледі, науқастар тексеріледі. Ерте диагностикалауды қамтамасыз ету, ем-домды уақытылы бастау және инфекцияны жұқтыру тәуекелін азайту үшін ауруды анықтаудың экспресс-әдісі енгізілмек. Адам қан тапсырған соң арнайы тест сызықтардың көмегімен туберкулездің бар-жоғын білуге болады, – деді Астана қаласының туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Анна Цепке.

Оның айтуынша, әзірге тәуекелді топқа кіретіндер тексеріледі, оған тұрғылықты жері жоқ жандар, мигранттар, тұрмысы төмен отбасылар жатады.

Балаларға қатысты жаңашылдықтар да бар. Егер Манту 2ТЕ туберкулин сынамасының нәтижесі оң болса, Диаскин тест жасалады. Бұл реакцияның туберкулездік жұқпа немесе аллергия екендігін анықтауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, кешеден бері елордада туберкулездің алдын алу бойынша айлық басталды. Медицина қызметкерлері азаматтармен алдын алу жұмыстарын күшейтеді. Барлық қалалық емханаларда ашық есік күндері өткізіледі, фтизиатрлар консультациялар береді. ЖОО, колледждерде, мектептер мен балабақшаларда тиісті жұмыстар жүргізіледі. Биыл құрылыс нысандарында жұмыс істейтін және базарларда сауда жасайтын мигранттар арасында да туберкулездің алдын алу бойынша жұмыстар қолға алынады. Мамандар аудандарды аралап, флюороографиялық тексерулер жүргізеді, консультациялар береді және қажет болған жағдайда адамдарды стационарлық емдеуге жібереді.

Қазіргі кезде стационарда емделіп шыққаннан кейін үйлерінде түрлі мәселелерге тап болатындарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ай сайын науқастарға ем-дом қабылдау үшін емханаға баруға 340 жол жүру билеті  мен 570 азық-түліктік посылка беріледі. 

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.