Гид-экскурсоводтар ЭКСПО-2017 ...

ЭКСПО-2017

05.03.2016, 12:47 ЭКСПО-2017

Гид-экскурсоводтар ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалып жатыр

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дейін аз уақыт қалды. Елордада қызмет көрсету саласының сапасын арттыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Қонақ үйлерді, мейрамханаларды дайындаумен қатар, шетелдік қонақтарды бізді мәдениетімізбен таныстыратын кәсіпқой гидтердің біліктілігін арттыруға да баса назар аударылады.

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС жобалар бөлімінің бас маманы Айнұр Жанәбілованың айтуынша, қазіргі кезде гид-экскурсоводтарды Астана қаласының Recommended by EXPO-2017 серіктестер бағдарламасына енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, яғни гидтер де қонақ үйлер, қоғамдық тамақтану пунктері мен басқа да қызмет көрсету саласының кәсіпорындары секілді ұсынылады. Жақын арада бұл тізімге хостелдер менкөлік компаниялары енгізіледі.

– Қазіргі кезде гидтерге қойылатын талаптар әзірленуде. Бұл құзыретті, мемлекет пен қала туралы тарихты, қаланың көрікті жерлерін білетін, ағылшын және т.б. тілдерді меңгерген кәсіпқой маман болуы тиіс. Біз қытай тілін оқытуға ерекше назар аударып отырмыз, өйткені осы елден келетін қонақтар көп болады деп күтілуде. Бұдан басқа, туристке қызықты болатындай оның бойында әртістік қасиеттер болуы керек. Жалпы алғанда, гидтер – бұл қаламыздың келбеті, елорданың оң имиджін қалыптастыру тікелей соларға байланысты, – деді Айнұр Жанәбілова.

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС өкілдерінің айтуынша, бүгінде жұмыс істеп жүрген гидтермен жекелеп, турфирмалар, сарайлар мен музейлер негізінде кездесулер өткізілді. Тарихи фактілер бұрмаланбауы тиіс, бұл өте маңызды, сондықтан кездесулерге ғалымдар, өлкетанушылар, географтар да шақырылады. Олар қала туралы егжей-тегжейлі және толық ақпараттарымен бөліседі. Өткізілетін іс-шаралардың мақсаты – шетел азаматтарын бағалаудан өткен және қазіргі заманғы туристтің барлық талаптарына сай, қала туралы дұрыс және қызықты айтып бере алатын кәсіпқой мамандармен қамтамасыз ету.

Үміткерлерді іріктеу қатаң түрде жүргізіледі,сондықтан елордалық гидтер қайта оқып, біліктілікті арттыру курстарына белсенді қатысуда. Бұл ретте шетелдік қонақтарға ұсынылған үздік гидтерге негізгі маңызды ақпарат ұдайы қол астында болуы үшін Астана туралы нақты мәліметтер мен деректер көрсетілген пакеттер беріледі.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық аясында өткен жылы елордалық әуежайда және теміржол вокзалында туристерге арналған ақпараттық дүңгіршектер ашылды. Онда бірінші болып іріктеуден өткен гидтер елордаға келген қонақтарды қарсы алып, оларға қажетті, соның ішінде орналасу, тамақтану орындары мен жол жүру туралы ақпаратты ұсынады.

Кез келген материалды Астана қаласының http://astana.gov.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Виртуалды қабылдау бөлмесі
Бұл тарауда сіз Әкімнің немесе Астана қаласы әкімдігінің атына өтініш-тілегіңізді жолдай аласыз.
Халықтық бақылау
Жедел шешім қабылдау мақсатындағы қалалық инфрақұрылымды жақсартуға арналған айдар.