Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

Астанадағы жұмыс

27.09.2016, 21:21

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ «ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ» КММ

 Халықты жұмыспен қамту орталығы:
 1) халықты жұмыспен қамтудың жай-күйін бағалауды және дамуын болжауды, халықты еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар етуді жүзеге асырады;
 2) Халықты жұмыспен қамту туралы Заңда көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын іске асыруды жүзеге асырады;
 3) өтініш білдірген адамдарды осы Заңның 1314-баптарына сәйкес жұмыс іздеуші және жұмыссыздар ретінде тіркейді;
 4) жұмысынан айырылған жағдайда, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік төлем тағайындау үшін тізбесін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілегенқажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады және оларды Мемлекеттік корпорацияға жібереді;
 5) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді;
 6) жұмыс іздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға лайықты жұмыс таңдауда жәрдемдеседі, жұмысқа орналасу үшін жолдама береді;
 7) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
 8) бос жұмыс орындарының (бос орындардың) есебін жүргізеді;
 9) жұмыссызды жұмысқа орналастырудың жеке картасын жүргізеді;
 10) әлеуметтік келісімшарттар жасасады;
 11) еңбек делдалдығын көрсетеді;
 12) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын көрсетеді.

Жұмыс іздеп жүрген, жұмысы және (немесе) табысы (кірісі) жоқ адам жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін өтініш білдірген кезде, тұрғылықты жерi бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында немесе «электронды үкімет» веб-порталы арқылы төмендегі құжаттардың негізінде жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі:
 1) жеке басын куәландыратын құжат;
 2) еңбек қызметін растайтын құжат (бар болған кезде);
 3) білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат (бар болған кезде).
 Он алты жасқа толмаған адам өзінің заңды өкілдерінің бірінің жазбаша өтінішін ұсынады.
 2. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдау арқылы оған жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, сондай-ақ тегін әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді.
 3. Жұмыс іздеп жүрген адам үш жұмыс күні ішінде кемінде бір рет халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық елді мекендерде тұратындар кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне бару арқылы жұмыс іздеуге мүдделілік білдіруге тиіс.

Жұмыссыздарды тiркеу

 1. Жұмыспен қамту орталығы өтініш білдірген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдамаған жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылдайды.
 2. Жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы оның деректерін тексергеннен кейін жұмысқа орналастырудың жеке картасына алынған мәлiметтердi енгiзу арқылы жүзеге асырылады.
 3. Халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш жасалған күннен бастап күнтізбелік он күн өткенде жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу күні және есепке қою туралы немесе тіркеуден бас тарту туралы хабардар етеді.
 4. Халықты жұмыспен қамту орталығында тiркелген жұмыссыздар – он жұмыс күні iшiнде кемінде бiр рет халықты жұмыспен қамту орталығында, ал ауылдық елдi мекендерде тұратын жұмыссыздар айына кемінде бiр рет кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнде белгiленiп тұруға тиiс.
 Төменде көрсетілген тұлғалар жұмыссыз ретінде тіркелмейді:
 1) он алты жасқа толмаған;
 2) еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн, оның ішінде жұмысты толық немесе толық емес жұмыс уақыты жағдайларында ақы үшiн орындайтын немесе табыс (кіріс) әкелетін өзге де ақы төленетiн жұмысы бар;
 3) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
 4) жұмысы мен табысының (кірісінің) жоқтығы туралы көрінеу жалған мәліметтерді қамтитын құжаттар, сондай-ақ басқа да анық емес мәліметтер ұсынған адамдар.

Жұмыссыздар:

1) халықты жұмыспен қамту орталығынан:
 лайықты жұмыс іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жөніндегі көрсетілетін қызметті;
 қызмет (кәсіп) түрін таңдау немесе өзгерту мақсатында консультациялық, ақпараттық көрсетілетін қызметтерді және әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
 еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында қамтылған өзі туралы мәліметтерді тегін алуға;
 2) егер ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылса, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер алуға;
 3) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңынасәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.
 Жұмыссыздар:
 1) «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтауға;
 2) Заңға сәйкес, халықты жұмыспен қамту орталығына келiп тұрудың тәртiбiн, шарттарын және мерзiмдерiн сақтауға;
 3) халықты жұмыспен қамту орталығы берген жұмысқа жолдаманы алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жұмысқа орналасу мәселесi бойынша жұмыс берушiге жүгінуге;
 4) тұрғылықты жерiн ауыстыруды;
 азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша тұрақты, уақытша жұмысқа орналасуды;
 кәсiпкерлiк қызметпен айналысуды;
 ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншiк нысанына қарамастан, ұйымға құрылтайшы (ортақ құрылтайшы) болуды;
 мүгедектiк тобын белгiлеудi немесе оның өзгеруiн;
 зейнетақы төлемдерін тағайындауды қоса алғанда, жұмыссызбен алдағы уақытта жұмыс iстеу тәртiбiне ықпал ететiн өзгерiстер туралы мәлiметтердi халықты жұмыспен қамту орталығына уақтылы, бес жұмыс күнi iшiнде ұсынуға мiндеттi.

Жұмыссызды есептен шығару

 1. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссызды мынадай жағдайларда есептен шығарады:
 1) лайықты жұмыстың ұсынылған екi түрiнен бас тартқанда;
 2) дәлелсiз себептермен:
 халықты жұмыспен қамту орталығы жолдама берген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде ұсынылған жұмысқа орналасу орнына немесе оқу орнына келмегенде;
 шақыру бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін үш жұмыс күнi ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына келмегенде;
 халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетiнше тоқтатқанда;
 3) жұмыссыз «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңында қарастырылған халықты жұмыспен қамту орталығына келiп тұру мерзiмдерiн дәлелсiз себептермен бұзғанда;
 4) жұмыссыз бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен сотталғанда не заңды күшіне енген сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп емдеуге жiберiлгенде;
 5) 15-баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда;
 6) көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар бергенде.
 2. Есептен шығарылған жұмыссыздар есептен шыққан күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн өткен соң ғана халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші адам ретінде қайтадан тiркеле алады.

Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау

 1. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бюджет қаражаты шегінде жеке адамның кәсіптік білімдерін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жұмыс іздеген адамдарға, жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оралмандарға, сондай-ақ студенттерге, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсету мақсатында жүргізіледі.
 2. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау:
 1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, қолда бар мамандық бойынша жұмысқа орналастыру немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби хабардар етуді;
 2) адамның жеке-психологиялық сипаттамасының, өмірлік жағдайлары ерекшеліктерінің, кәсіптік білімдерінің, дағдыларының, қызығушылықтарының, денсаулық жағдайының және еңбек нарығындағы қажеттіліктерінің негізінде жұмыс орны мен мамандық таңдауда кәсіби консультацияны;
 3) нақты кәсіп (мамандықтар) түрлері және лауазымдар үшін айқындалған біліктілік талаптарына адамдардың сәйкестігін белгілеу арқылы кәсіби іріктеуді қамтиды.
 3. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасынасәйкес жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге де ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді.
 4. Халықты жұмыспен қамту орталықтары әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтерді еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында орналастырады.

Кәсіптік оқыту

 1. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.
 2. Егер:
 1) қажетті кәсіптік біліктіліктің болмауынан лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмаса;
 2) кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстардың болмауына байланысты кәсібін (мамандығын), қызмет түрін өзгерту қажет болса;
 3) бұрынғы мамандығы бойынша жұмысты орындау қабілетін жоғалтса, халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша кәсіптік оқыту жүзеге асырылуы мүмкін.
 3. Кәсіптік оқыту:
 1) жұмыс іздеп жүрген адамдар;
 2) жұмыссыздар;
 3) еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер үшін жүзеге асырылады.
 4. Басым тәртіппен кәсіптік оқытудан өтуге:
 1) мүгедектердің;
 2) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың, асырап алушылардың, қорғаншылардың (қамқоршылардың);
 3) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздардың;
 4) алғаш рет жұмыс іздеп жүрген (бұрын жұмыс істемеген) және бұл ретте біліктілігі жоқ адамдардың;
 5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдардың құқығы бар.
 5. Кәсіптік оқыту бюджет қаражаты шегінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес, білім беру ұйымдарында немесе білім беру қызметіне құқығы бар оқу орталықтарында жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша еңбек нарығындағы қажеттіліктерді ескере отырып, жүргізіледі.
 6. Халықты жұмыспен қамту орталығы, оқытуды жүргізетін ұйым, жұмыс беруші және оқитын адамның арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
 Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, оқуға ақы төлеу шартын, мерзімінен бұрын бұзу шартын, кәсіптік оқыту мерзімі мен қаржыландыру көздерін қамтуға тиіс.
 7. Халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға жіберген адамдар өздігінен, дәлелсіз себептермен оқуын тоқтатса, халықты жұмыспен қамту орталығында қайта тіркелген күннен бастап үш жыл өткен соң оқуға қайта жіберілуі мүмкін.

Әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыру

 1. Жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орындарын құрады, оларды құру кезінде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды және олар ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда құрылмайды.
 2. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздар үшін арнайы құрылады, олардың арасында:
 1) балалар деревняларының тәрбиеленушiлерi және балалар үйлерінің түлектері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған он алты жастан жиырма үш жасқа дейiнгi балаларға арналған мектеп-интернаттардың;
 2) зейнеткерлiк жас алдындағы (зейнеткерлiкке шығуға екi жыл қалған) адамдар;
 3) мүгедектер;
 4) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдар;
 5) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;
 6) кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызiлiктi, көпбалалы ата-аналар;
 7) жеті жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдар;
 8) оралмандар;
 9) терроризм актісінің нәтижесінде зардап шеккен адамдар және оның жолын кесуге қатысқан адамдар басым құқыққа ие болады;
 3. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның шешімі бойынша:
 1) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсыныс айқындалады;
 2) әлеуметтік жұмыс орнын құруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесі, ұйымдастырылатын жұмыс орындарының саны және нақты жұмыс жағдайы, төленетін еңбекақы мөлшері мен оларды қаржыландыру көздері бекітіледі.
 4. Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу кезінде жұмыссыздардың денсаулық жағдайы, жас, кәсіптік және басқа да жеке ерекшеліктері ескеріледі.
 Халықты жұмыспен қамту орталығы мен арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс беруші және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілетін жұмыссыз арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
 Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбекақы мөлшерін және оны төлеу шарттарын, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру мерзімдері мен көздерін қамтуға тиіс.
 5. Әлеуметтік жұмыс орындарындағы еңбек қызметін дәлелсіз себептермен өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздар жұмыссыздар ретінде есептен шығарылады және халықты жұмыспен қамту орталығына қайтадан тіркелген күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қайта қатысуы мүмкін.
 6. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.

Жастар практикасын ұйымдастыру

 1. Жастар практикасы алған кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арнайы белгіленген.
 2. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар:
 1) жастар практикасын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;
 2) жастар практикасын ұйымдастыруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін, білім беру ұйымдары түлектерінің қатарынан тартылатын жұмыссыздардың санын, олардың еңбек жағдайы мен еңбегіне ақы төлеуді және қаржыландыру көздерін айқындайды.
 3. Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын құрады. Жұмыс орындарын құрған кезде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды.
 Құрылған жұмыс орындары түлектің алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес келуге тиіс.
 4. Білім беру ұйымдары түлектерінің қатарындағы жұмыссыздарды жастар практикасына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Олардың еңбегіне ақы төлеу бюджет қаражаты шегінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылады.
 5. Халықты жұмыспен қамту орталығы, жастар практикасын ұйымдастыратын жұмыс беруші және жастар практикасына жіберілетін түлек арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
 Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайын, еңбекақы мөлшері мен оны төлеу шарттарын, қаржыландыру мерзімі мен көздерін қамтуға тиіс.
 6. Жастар практикасына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.

Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру

 1. Қоғамдық жұмыстарды халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдарда ұйымдастырады және бюджет қаражаты шегінде және жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты есебінен қаржыландырылады.
 2. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
 1) жұмыссыздардың;
 2) жазғы демалыс кезеңінде студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының;
 3) тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар.
 Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
 1) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алмайтын жұмыссыздар;
 2) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар басым құқықты пайдаланады.
 Адамдардың қоғамдық жұмыстарға қатысуы, олардың халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.
 3. Қоғамдық жұмыстарға қатысқысы келетін адамдармен әлеуметтік келісімшарт жасалады.
 4. Қоғамдық жұмыстарға қатысуды дәлелсіз себептермен өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздар, олардың есебінен шығарылады және халықты жұмыспен қамту орталығында қайта тіркелген күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана қоғамдық жұмыстарға қайта жіберілуі мүмкін.
 5. Авариялар, табиғи апаттар, дүлей зiлзалалар және басқа да төтенше жағдайлар зардаптарын жедел жою қажеттiлiгiне байланысты қызмет түрлерi қоғамдық жұмыстарға жатпайды.
 6. Осы Заң Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген қоғамдық жұмыстарға тарту жөнiндегi құқықтық қатынастарды реттемейдi.
 7. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.

Кәсiпкерлiк бастамашылыққа жәрдемдесу

 1. Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдем жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызметтер көрсету, қайтарымды негізде микрокредиттер беру арқылы оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жолымен жүзеге асырылады.
 2. Жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасынан мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін:
 1) ауылдық жерлерде, моно және шағын қалаларда тұратын адамдардың;
 2) мүгедектердің, егер медициналық қорытынды бойынша олардың денсаулық жағдайы еңбек міндеттемелерін орындауға кедергі келтірмесе не олардың денсаулығына және (немесе) басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне қауіп төндірмесе;
 3) зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін елу жастан асқан адамдардың;
 4) жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастардың басым құқығы бар.
 3. Халықты жұмыспен қамту орталығы мен микрокредит алған адам арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік
 төлемдерді ұйымдастыру

 1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын, белгiленген тәртiппен жұмыссыздар деп танылған адамдар жұмысынан айырылған жағдайда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар.
 2. Жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыссыздардың әлеуметтік төлем алуға құқығы оларды халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға жіберген кезде сақталады.
 3. Халықты жұмыспен қамту орталығы алушыны жұмыссыз ретінде есептен шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ақпаратты Мемлекеттік корпорация арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ұсынады.
 Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ақпаратты алу негізінде жұмысынан айырылған жағдайдағы міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда әлеуметтік төлемдерді тоқтатады.
 4. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастырудың жеке картасына тиісті өзгерістерді уақтылы енгізеді.

Азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар

 1. Жергілікті атқарушы органдар:
 1) ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерiнде мүгедектерді;
 2) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды;
 3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды;
 4) кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілейді.
 2. Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ, жұмыскерлердің орташа жылдық санының жиырма пайызынан астамын мүгедектер құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.

Мекен-жай және байланыс телефондары:

Заңды мекен-жайы:010000, Астана қ., Ш. Иманбаева к., 16;

Нақты мекен-жайы:010000, Астана қ., Бейбітшілік к., 25;

E-mail:cz@astana.kz

Факс:+7 (7172) 95-10-74;

Телефондар:

қабылдау бөлімі:+7 (7172) 57-87-00;

ресепшн: +7 (7172) 57-89-34;

call-center: +7 (7172) 57-88-88;

Курс жөніндегі мәселелер бойынша:+7 (7172) 57-88-87; +7 (7172) 57-88-95;

Жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындары мәселелері бойынша:+7 (7172) 57-85-42; +7 (7172) 57-86-47;

Жұмысқа орналастыру мәселелері жөнінде:+7 (7172) 57-88-86; +7 (7172) 57-88-94;

Ресми интернет-ресурс:www.cz.astana.kz

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.