Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

15.03.2017, 14:20 Жаңалықтар / Құқық тәртібі
Астанада «Учаске» жедел алдын алу шарасы іске асырылуда

Астанада «Қауіпсіздік пен жайлылық» кешенді жоспары аясында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында 15 наурызда құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Учаске» жедел алдын алу шарасы басталды. Оған 200-ге жуық учаскелік инспектор және көші-қон, криминалдық, патрульдік полицияның 200 қызметкері, жедел әрекет ету жасағының жауынгерлері қатысуда.

1 маусымға дейін учаскелік инспекторлар тұрғындар туралы мәлімет алу мақсатында пәтерлер мен аулаларды аралайтын болады. Тұрғындарға учаскелік инспекторлардың және ішкі істер бөлімдерінің кезекші бөлімдерінің байланыс мәліметтері бар карточкалар таратылады. Сонымен бірге, саяжай алаптары, базарлар, құрылыс нысандары, жалға берілетін ғимараттар. Үйлер, пәтерлер де тексеріледі. Барлық мәліметтер тиісті шара қабылдау үшін Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданады.

«Әр түрлі құқық бұзушылықтар анықталады. Соттан қашып жүрген адамдар бар, азаматтық қаруды сақтау мерзімі өтіп кеткен азаматтар бар, заңсыз тапсырылатын пәтерлер, күдікті тұлғалар, заңға қайшы әрекеттер анықталады. Біз азаматтарға жаппай айыппұл салып, жауапкершілікке тартуды көздеп отырған жоқпыз. Мақсат  қоғам полицияға көмек көрсетуге тиіс деген ойды әр азаматтың санасына жеткізу. Өзара тығыз ықпалдастық арқылы ғана қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады», - деп мәлім етті Астана қ. ІІД ЖПҚ басшысы Бақытжан Малыбаев.

Сондай-ақ, шара шеңберінде полиция есебінде тұрған тұлғалар, қайыр сұраумен айналысатын кәмелетке толмаған жасөспірімдер, шетелдік азаматтар тексеріледі. Уақытша тіркеуге қатысты түсіндіру жұмыстарына айрықша көңіл бөлінбек. Сонымен бірге, елордалық Мемлекеттік кірістер департаменті заңсыз тапсырылатын пәтерлерді тексеруді күшейтпек. Осы ретте тәртіп сақшылары алаяқтыққа және өзге де заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу мақсатында азаматтар 102 номеріне хабарласып, учаскелік инспекторлар жүргізетін оперативті жұмыстың шынайылығына көз жеткізе алатынын қаперге салады. 

«Бүгінгі күні біз ЖПҚ және ПИК-термен өзара әрекеттесе отырып жұмыс істеп келеміз, және жыл басынан бері 1137 пәтер тіркелді. Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, 435 пәтерге көбейген. Қазір пәтерлерді тіркеу тегін. Мұны салық қызметіне келмей-ақ, электрондық жолмен және ХҚКО-да жасауға болады. Азаматтарды полиция қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, шынайы ақпарат берулерін сұраймыз», - деп мәлім етті Астана қ. Мемлекеттік кірістер департаментінің Камералдық бақылау басқармасының №2 камералдық бақылау бөлімінің басшысы Анвар Бекжуманов. 

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.