Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

18.03.2017, 16:50 Жаңалықтар / Мәдениет
Тұрғын алаптарда Наурыз мейрамы тойлануда

Астана маңындағы тұрғын алаптарында Наурыз мейрамы тойлана бастады. Таңертеңнен бастап Мичурино және Күйгенжар елді мекендерінде концерттер өтіп жатыр. Досымжан Таңатаров, Дос, Маржан Арапбаева, Салықовтар әулеті, «Аламан» триосы, Әсем Омарова, «Сарырқа» тобы, Диарт триосы, «Іңкәрім» би ұжымы және т.б. көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.

Жергілікті тұрғындар Наурыз мерекесін тойлауға белсене қатысуда – баршаға арнап ет, бауырсақ, Наурыз көже сияқты ұлттық тағамдармен мол дастархан жайылды, оқушылар қазақстандық эстрада жұлдыздарымен бір сахна төрінде өнер көрсетуде.

Мичурино мен Күйгенжарда мерекелік шаралар барысында әжелер жас буынға «Бата беру», «Тұсаукесер», «Бесікке салу» сынды салт-дәстүрлерімізді өткізуді үйретуде, сондай-ақ, «Қыз қуу» ойыны ұйымдастырылды.

Биыл Астанада да, қаланың маңындағы тұрғын алаптарында да Наурыз мейрамын атап өтуге баса назар аударылып отыр. Ертең, 19 наурызда сағат 11:00-де Промышленный тұрғын алабында «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік концерті, Интернациональный тұрғын алабында «Наурыз берекем» шарасы өтеді. Железнодорожный тұрғын алабында Наурыз мерекесі 20 наурызда тойланады. 21 наурызда мерекелік концерттер мен шаралар Пригородный және Үркер (Ильинка) тұрғын алаптарында, 22 наурызда Көктал-1, Көктал-2 және Өндіріс тұрғын алабында ұйымдастырылады.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.