Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

12.04.2017, 17:09 Жаңалықтар / Мәдениет
Жарқыраған жұлдыз Ақбике Алғи «Астана Опера» театрында өнер көрсетеді

Дельфий ойындарының алтын медаль иегері, көптеген белгілі халықаралық байқаулардың лауреаты Ақбике Алғи «Астана Опера» Камералық залында өнер көрсетеді. «Жан-жүрегім скрипкамен бірге шырқайды» атты концерт 16 сәуірде өтеді.

Заманымыздың әйгілі скрипкашылары – Виктор Третьяков, Эдуард Грач, Захар Брон Ақбике Алғидың шеберлігіне жоғары баға берген. Жас скрипкашының тамаша техникасын, музыканы сезінуін, оны шын мәнінде философиялық тұрғыдан түсінуі танымал тәлімгерлерді таңғалдырып келеді.

Жас өнерпаз Ақбике Алғи музыканттар отбасында өскен, скрипкада ойнауды бес жасында үйренген. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің студенті болып табылады (Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Райса Мұсақожаеваның шәкірті).

Ақбике Алғидың сахналық тәжірибесі мол, еліміздің және шетелдің белгілі концерттік алаңдарында өнер көрсеткен. Оның есімі Италия, Алмания, Австрия, Испания, Ұлыбритания, Үндістан, Иордания, АҚШ елдерінде белгілі.

- Камералық зал сахнасында мен алғаш өнер көрсетпекшімін, аздап қобалжу бар, бірақ бұл тамаша көрерменмен кездесу алдындағы жағымды толқыныс. Тыңдарманның И.С. Бах, В.А. Моцарт, К. Дебюсси және басқа атақты композиторлардың әйгілі шығармаларымен қауышқанын қалаймын. Музыка – бұл жан-жүрегіңнің күйі ғана емес, бұл менің өмірімнің мәні. Менің басты мақсатым – нағыз музыкант болу деп есептеймін, - дейді ойымен бөліскен Ақбике Алғи. Ол маусым айында өтетін П. И. Чайковский атындағы халықаралық жасөспірімдер байқауында лауреат атану үшін бақ сынамақшы (Астана, Қазақстан), ол бұған дейін осы байқаудың дипломанты атанған (Ресейде өткен П.И. Чайковский атындағы VIII халықаралық жасөспірімдер байқауының дипломанты).

Концерттің басталуы 18.00, билеттердің бағасы– 500 теңге.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.