Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

13.04.2017, 12:26 Жаңалықтар / Коммуналдық шаруашылық
Астанада кең ауқымды қалалық сенбіліктер өтеді

Астана қаласын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша жұмыстарды уақытылы үйлестіру мақсатында 2017 жылдың 15 сәуірінен 15 мамырына дейінгі кезеңде экологиялық айлық өткізіледі. 

Оның шеңберінде 29 сәуір мен 13 мамыр күндері елордада «Біз таза қала үшін!» жалпықалалық сенбіліктерді өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, елорда әкімінің тапсырмасы бойынша экологиялық айлықты және жалпықалалық сенбілікті өткізу бойынша штаб құрылып, оның құрамына қала әкімінің орынбасарлары және қалалық басқармалар мен қызметтердің басшылары енді.

Экологиялық айлық өтетін кезеңде білім мен денсаулық сақтау мекемелеріне бекітілген аумақтарды жүйелі түрде тазарту, көгалдандыру ұйымдастырылады. Сондай-ақ, су нысандарының мұнай өнімдерімен, тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластануын болдырмау мақсатында аталған нысандарды тұрақты бақылауға алу көзделген.

Экологиялық айлық барысында жеке тұрғын үй орамдарында тұрмыстық қалдықтарды орталықтандырылған жинау жұмыстары қамтамасыз етіледі, қоғамдық көліктің санитарлық жағдайы тексеріледі.

Аудандар әкімдерінің аппараттары, қалалық басқармалар, коммуналдық кәсіпорындар бұл жұмыстарға 100 мыңнан аса адамды, 4 452 мемлекеттік мекемені тартуды жоспарлап отыр. Экологиялық айлыққа қатысатын мекемелердің арасында кәсіпорындар, денсаулық сақтау нысандары, орта мектептер, ЖОО, құрылыс ұйымдары, шағын және орта бизнес нысандары бар. Сонымен бірге, 425 дана арнайы техника мен 15 мыңнан аса құрал пайдаланылады. Сенбілік барысында қаланың аумағын санитарлық тазарту, ағаш көшеттерін отырғызу, аулаларды және орамішілік аумақтарды абаттандыру, шағын архитектуралық формаларды орнату, тротуарларды кеңейту жоспарланған.

Сондай-ақ, қаланың барлық аудандарында заңсыз қоқыс орындары жойылып, қосымша жарықтандыру тіректері орнатылады, көшелер абаттандырылып, асфальт жабыны жаңартылады.

Жалпы, қала бойынша 6750 ағаш отырғызу жоспарланған, соның 1750-і  ірі көлемді көшеттер болса, ашық тамырлы 5000 өсімдік отырғызылады.

Бұған қоса, Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арналарын санитарлық тазарту жоспарланған, аталған жұмыстарға жоғары оқу орындарының студенттері мен әскери бөлімшелердің әскери қызметкерлері тартылады.

Қала билігі қалалық және республикалық ұйымдардың қатысуымен ағаш отырғызу шараларына, қалаға қосылған елді мекендердің аумағын санитарлық тазартуға ерекше назар аударады.

Атап айтқанда, «Алматы» ауданында Мичурино тұрғын алабында - 200 ағаш, Триатлон паркінде - 100, Железнодорожный тұрғын алабында 200 ағаш отырғызылады, 2500 көшетті кәсіпкерлерге тарату жоспарланған.

Есіл ауданында «Қазтрансойл» компаниясы Ұлы Дала көшесінде Тұран даңғылынан бастап Мәңгілік Ел даңғылына дейін 1000 ағаш отырғызуды көздеп отыр, ал «Оператор РОП» компаниясы Ғашықтар бағында  150 ағаш, Арай бағында 50 көшет отырғызбақ.  Шығыс Ильинка және Тельман кенттері де қамтылады. Сарыбұлақ бұлағы жағасының бойымен 250 ағаш отырғызылады. Сарыарқа ауданында көгалдандыру жұмыстарымен Көктал-1, Көктал-2, Өндіріс тұрғын алаптары да қамтылады.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.