Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

20.04.2017, 13:19 Жаңалықтар / Көлік және автожол
Елордада автокөлік жолдарының құрылысы мен жөндеу барысы таныстырылды

Астана қаласының Автокөлік жолдары басқармасының хабарлауынша, бүгінгі күні қаланың көлік жүйесі 953 көшеден тұрады, оның жалпы ұзындығы 1049 км құрайды, соның ішінде, асфальт-бетон жабыны бар жолдар - 803 км (76,5%), қатты жабынсыз - 246 км (23,5 %). Инженерлік құрылыстарға 8 жолайрық, 17 автокөлік көпірі, 4 жаяу жүргінші көпірі, 9 жол өткелі кіреді.

Кіші айналма жолдың құрылысы қала жолдарына көлік жүктемесі мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Оның жалпы ұзындығы 35,0 км құрайды, 2008 жылдан бері 22,8 км салынды, соның ішінде 14 жолайрық, көпір мен жол өткелінің 9-ы салынды.

Кіші айналма жол тәулігіне 90 мыңнан аса автокөлікті өткізуге қабілетті болады, 2021 жылы ашылған кезде ол 20 мың автокөлікке қала орталығын айналып өтуге мүмкіндік береді.

Үстіміздегі жылы Қошқарбаев көшесінің (№ 14) құрылысы бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарланған, Ш. Бейсекова көшесінде Н.Тілендиев даңғылынан Конституция көшесіне дейін құрылысты жалғастыру үшін жер телімдерін қайтарып алу жүргізіледі. Аталған көше Ақжол көшесіне жалғасып, қаланың ескі орталығын айналып өтуге жағдай жасайды. Ш. Бейсекова көшесі мен Н. Тілендиев даңғылының қиылысындағы жолайрық бойынша 5-ші кезектегі жылу трассасының құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ, Сығанақ көшесінен бастап Ұлы Дала көшесіне дейін Бейсекова көшесінің құрылысы жалғасады, оның ұзындығы - 2,9 км. Тұран көшесінен Бейсекова көшесіне дейін Сарайшық көшесімен өтпежол ашу жоспарланған. Бұл транзиттік көліктерге қаланың сол жағалауының орталығын айналып өтіп, Тұран, Қабанбай батыр, Мәңгілік ел даңғылдарындағы қозғалысты азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Автокөлік жолдары басқармасы жұмысының биылға белгіленген басымдықты бағыттарының бірі қаланың инженерлік-көлік инфрақұрылымын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындау, жаңа теміржол вокзалына, «Абу Даби Плаза» көпфункционалдық кешеніне және көрме қарсаңында тапсырылатын ірі нысандарға қосу.

Анықтама үшін: Қаланың шеткі аудандарын дамыту шеңберінде 2011-2017 жылдар аралығында 101 км жол және 275 км инженерлік желі салынды. Күйгенжар, Қазақауыл, Пригородный, Казгородок, Қараөткел, Заречный және Промышленный тұрғын алаптарында жұмыстар аяқталды.

Үстіміздегі жылы 6 км жолдың және 32 км инженерлік желілердің (Комсомольский-2,3,4 кезек, Көктал-2, Оңтүстік-Шығыс (оң жағы), Тілендиев даңғ оңт.) құрылысы аяқталады.

2016 жылы ұзындығы 41 км болатын 57 көшеде орташа жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, 275 көше бойынша ағымдағы жөндеу жүргізілді, атап айтқанда:

68 көшеде  бағдарлық әдіспен жөндеу;

207 көшеде  шұңқырлы жөндеу.

Тұрғындардың өтініштері бойынша және жеке секторларда көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында инертті материалдар себу жүргізілуде. 2016 жылы Алматы және Сарыарқа аудандарында 28 көшеге қиыршық тас төселді.

Сондай-ақ, 2016 жылы елорда жолдарының эксплуатациялық сипаттамаларын жоғалтпау үшін топырақты тұрақтандырғыш  скриптон, асфальтты қорғағыш қабат  реджувасил және борқылдақ-мастикалық асфальтбетон пайдаланылды.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.