Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

20.04.2017, 16:23 Баспасөз орталығы / Жаңалықтар
Астанада Чернобыль АЭС-індегі апат құрбандарын еске алуға арналған митинг өтеді

26 сәуірде таңғы сағат 10:30-да Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордада Радиациялық апаттардың салдарын жоюға қатысушылар күніне орай гүл шоқтарын қою рәсімі және естелік митинг өтеді.

«Техногендік апат болған күннен бері 30 жылдан астам уақыт өтті, бірақ жарылған реактордың үстіне барынша қысқа мерзімде саркофаг орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек болған сол бір күндер ликвидаторлардың әлі де есінде. Саркофаг құрылысы, станцияны және іргелес аумақты дезактивациялау жұмыстары Кеңес Армиясының жауынгерлеріне жүктелді. Өз өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан, мыңдаған адам апаттың жойқын салдарын жою мақсатында күштерін аямады. Олардың арасында Қазақстаннан барған отыздан астам адам болды», - дейді шараның ұйымдастырушылары.

Гүл шоқтарын қою және естелік митинг Қ. Мұңайтпасов және Ж. Жирентаев көшелерінің қиылысындағы Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткіштің алдында өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары шараға қатысып, Чернобыль ардагерлеріне, радиациялық апат салдарын жоюға қатысқандарға, олардың туған-туыстарына құрмет білдіре алады. 

Шараға Ресей Федерациясының, Беларусь Республикасының және Украинаның елшілері, ҮЕҰ басшылары, ғылыми зиялы қауым өкілдері, ликвидатор-жауынгерлердің туған-туыстары және жастар қатысады.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.