Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

21.04.2017, 14:52 Жаңалықтар / Коммуналдық шаруашылық
«Таза жұма» акциясын қолдаушылар көп

Астанада осымен екінші апта бойы жалпықалалық «Таза жұма» акциясы жалғасуда. Шараның бастамашысы қала әкімі Әсет Исекешев. Жұма күні таңертеңнен бері қалалық ведомстволардың қызметкерлері, коммуналдық қызметтердің жұмыскерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, әлеуметтік және білім мекемелерінің қызметкерлері аудан әкімдері аппараттарының қолдауымен шараға үлес қосуда.

«Сарыарқа» ауданында 92 білім мекемесі, соның ішінде ЖОО, колледждер, мектептер мен балабақшалар, 24 денсаулық мекемесі емханалар, ауруханалар және клиникалар іргелес аумақтарын санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімі аппаратының қызметкерлері де акцияға қосылып, Сарыарқа даңғылындағы мекемеге қарасты аумақты және жақын орналасқан саябақтарды тазартуда. Акцияға қатысушылар қоқыстарды жинап, ағаштарды әктеп, терезелерді жуып, елорданы абаттандыруға атсалысуда.

«Алматы» ауданының аумағында «Таза жұма» акциясы шеңберіндегі жұмыстарға 42 өнеркәсіп кәсіпорны, шағын және орта бизнестің 120 субъектісі, 72 білім және денсаулық сақтау ұйымы, ауданның 1000-нан аса тұрғыны қолдау білдірді. Барлық жерде аумақты санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қоршауларды жуып, сырлау, ағаштарды әктеу, ғимараттардың қасбеттерін әрлеу, аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

«Есіл» ауданы әкімінің аппараты болса, «Ғашықтар» саябағын тазалау жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, аудан бойынша осы күні 119 ұйым мен кәсіпорынның, атап айтқанда, балабақшалар мен мектептердің, жоғары оқу орындарының, ауруханалардың, ПИК-тердің ШОБ субъектілерінің, құрылыс компаниядары мен мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдары игі іске жұмылып отыр. 

Сондай-ақ, бұл аудан бойынша 96 жүк тиегіш және жүк көлігі тартылды. «СК БиП Астана» ЖШС «Хан шатыр» СОСО ауданында, Пригородный тұрғын алабында, Қорғалжын тасжолы ауданында заңсыз қоқыс үйілген орындарды тазалауда. Бұл жұмысқа 2 жүк тиегіш машина мен 6 камаз тартылды.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.