Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

21.04.2017, 17:24 Баспасөз орталығы / Жаңалықтар
Астана әкімі Мемлекет басшысына елорданың даму барысы туралы баяндады

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ өткен кеңейтілген отырыста Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Мемлекет басшысына елорданың даму барысы туралы баяндап берді.

Әкім 2016 жылдың қорытындысын шығарып, алға белгіленген жоспарларға тоқталды, соның ішінде, ШОБ дамыту, ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындық, өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік саясатты дамыту мәселелері бар.

Әкімнің мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылы Астананың жалпы өңірлік өнім көлемі 5 трлн теңгеден асып түседі, өсім - 3,7%, ал ЖІӨ-дегі Астананың үлесі 11,8% құрайды және Алматы қаласынан кейінгі екінші орында. Инвестиция көлемі 1,4%-ға артып, 840 млрд теңгені құрады. Ал жеке инвестициялардың үлесі 60% -дан 74%-ға дейін артты. 2016 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрады, бұл еліміз бойынша ең төмен көрсеткіш. 2016 жылы 19 мың жаңа жұмыс орны құрылды, соның 75% ШОБ саласында.

Мемлекеттік бюджетке түсімдердің көлемі 25%-ға өсіп, 1 трлн теңгені құрады, республикалық бюджетке 848 млрд теңге аударылды.

«Шағын және орта бизнес елорда экономикасының нағыз драйверіне айналды. Бүгінгі күні Астанада 100 мыңнан аса бизнес-кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жалпы өңірлік өнімнің 46%-ын қалыптастырады. Өткен жылы кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бағдарламалары бойынша 31,8 млрд теңгенің 200-ден аса бизнес-жобасы қаржыландырылды. Екінші деңгейлі банктер іскерлерге 595 млрд теңгенің несиелерін берді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп. Елордалық бизнес халықтың 60% жұмыспен қамтып отыр. Бұл  300 мың адам», - деді әкім.

Сондай-ақ, қала басшысы ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындық шараларына айрықша тоқталып өтті. Шаһар әкімі әкімдіктің жанынан қаланы ЭКСПО-ны өткізуге дайындау бойынша Штаб құрылғанын жеткізді. Қонақтарды қабылдау және орналастыру, қоғамдық тамақтандыруды, мәдени-спорттық шараларды ұйымдастыру, көлікпен қамтамасыз ету, қауіпсіздік, медициналық қызмет көрсету, абаттандыру, көгалдардыну мәселелерінің барлығы қамтылып отыр.

«Қала және бүкіл мемлекет ЭКСПО-ның әсерін сезініп отыр. Отандық өндірушілер үшін ЭКСПО дағдарыс кезеңінде нағыз «қауіпсіздік жастықшасы» болды. Көрме кешені қала мен еліміздің инновациялық-технологиялық дамуының ауқымды орталығына айналды. Сондай-ақ, ЭКСПО экономиканы жүйелі түрде әртараптандыруға, технологиялық жаңғыруға, ғылымды дамытуға ықпал еткен қуатты серпін. «Төртінші өнеркәсіптің революцияның қоғамдастығы» осында қалыптасып жатыр», - деді Әсет Исекешев.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.