Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

21.04.2017, 18:50 Жаңалықтар / Білім
Үш жылда мектепке дейінгі жастағы балалардың саны 32%-ға артты

Елорданың даму қарқыны жоғары. Жыл сайын ел өңірлерінен келетін халық саны да артып отыр. Мысалы, соңғы үш жылдың ішінде мектепке дейінгі балалардың саны 32%-ға артты. Мектеп оқушыларының саны былтыр 13,5 мың адамға көбейген, соның ішінде  5 мың бала өңірлерден келген.

Осыған байланысты елордада балаларды мектепке дейінгі біліммен толықтай қамту үшін бірқатар шаралар қабылданды.

2016 жылы мектепке дейінгі 71 мекеме пайдалануға берілді, соның 44-і – жеке меншік балабақша. Қазір қалада 262 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді: 116 жеке меншік, 97 мемлекеттік балабақша және 49 шағын орталық. Былтыр алғаш рет жеке меншік балабақшалардың саны мемлекеттік балабақшалар санынан асып түсті.

Келешекте жеке кәсіпкерлермен бірлесіп МЖӘ шеңберінде тағы 138 жаңа балабақша ашылады.

Бұл 2020 жылы өсім мен көші-қонды ескере отырып, барлық балаларды қамтуға мүмкіндік береді.

Мектептегі орын тығыздығы мәселесін шешу үшін үстіміздегі жылы 27 мектепке 2600 орындық 5 қосымша құрылыс алынады, 9000 орынға арналған 10 жаңа мектеп ғимараты бой көтереді.

Елорданың білім саласы қаланың даму қарқынымен бірдей болуы үшін білім беру процесіне кезең-кезеңмен инновациялық технологиялар енгізілетін болады.

Политехникалық колледжде «мехатроника» мамандығы ашылады, қала мектептеріне толықтай жарақтандырылған 42 робототехника кабинеті тапсырылады.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.