Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

19.06.2017, 17:51 Жаңалықтар / Көлік және автожол
Астанада салқындатқыш құрылғылармен жабдықталған автобустардың қатары артады

Бүгінгі күні Астанадағы қоғамдық көліктердің үштен бір бөлігі ғана ауаны салқындататын құрылғылармен жабдықталған деп хабарлайды Елорда әкімдігінің медиа-орталығы. 

Соңғы кездері салқындатқыштардың жоқтығынан жолаушылар тарапынан автобус салондары тым қапырық деген арыз-шағымдар жиіледі, дейді «Астана LRT» жолаушылар көлігі бөлімінің жетекшісі Бейбіт Есжанов.

«Бүгінгі күні Астанадағы жолаушылар көлігінің 35% ғана салқындатқыш құрылғылармен жабдықталған. Алайда жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш ұлғаяды: 250 ескірген автобус ауыстырылады. Біз оларды Евро 6 класы бойынша барлық әлемдік стандарттарға сай келетін жаңаларына айырбастаймыз. Сәйкесінше, олар салқындатқыш жүйелерімен жабдықталатын болады», - деді Б.Есжанов.

Оның айтуынша, салқындатқышы бар қалалық автобустардың барлығында  құрылғы жұмыс істеп тұр.  

«Барлық көліктер желіге шықпас бұрын тексерістен өтеді, салқындатқыш құрылғысы істемейтін бірде-бір автобус жоқ. Күнде таңертең маханик автобустарды қадағалайды», - деді Б.Есжанов.

Сондай-ақ, ол ауа температурасы +15 градусты көрсеткенде жолаушылар жүргізушіден салқындатқышты қосуды талап ете алатынын еске салды.

«Астана LRT» компаниясы дау, жанжалдар орын алған жағдайда 8 (7172) 574-777 телефондары бойынша хабарлау қажеттігін айтады. Операторлар арыз-шағымдарды бірден қабылдап, тікелей жүргізушілермен байланысқа шығады.

«Әрбір оқиғаны жіті тексереміз. Егер жүргізуші салқындатқышты өз бетімен сөндіріп, жолаушылардың өтінішіне құлақ аспаса онда қызметкерге тәртіптік жаза қолданылады» - деді Б.Есжанов.

Осыған дейін хабарланғандай, синоптиктердің болжамы бойынша маусым айының аяғында Астанада аптап ыстық болады. Осы күндері 39 градусқа дейін ыстық күтілуде.  

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.