Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

11.09.2017, 12:19 Жаңалықтар / Көлік және автожол
Астанада жолда жүру ережелерінің сақталуына бақылау күшеюде

15 қыркүйек сағат 00:00 бастап Астанада сертификатталған сурет және бейне жазу құрылғысының көмегімен түсірілген жолда жүру ережелерін бұзған үшін әкімшілік жазалау шаралары іске қосылуда. Ең алдымен, бұл жүйе жылдамдық режимін асырғаны үшін, қоғамдық көліктің жолағымен жүргені үшін (Bus Lane автобустық жолды кесу) және стоп-сызығын кесіп өту сияқты бұзушылықтарды қарастыратын болады.

​2017 жылдың соңына дейін Астана қаласының аумағында көше қиылыстары мен қаланың сызықтық аймақтарында, сонымен қатар ойын-сауық орталықтары, театр, спорт алаңдары, музей сияқты көпшілік қауым жиналатын жерлерде 13 000 сурет және бейне жазу камералары қолданысқа енетіні жайлы еске салып өтейік. Сурет және бейнебақылаудың жаңа жүйесіне 3 мыңға жуық жалпы бейнебақылау жүйелері енгізілген. Бұл камералар тәулікбойы үздіксіз жұмыс істеп, олардан түсірілген бейне материалдар тіршілікті кешенді қамтамасыз ету жүйесі мен (ТКҚЖ) мен Астана қаласы ІІД Жедел басқару орталығы (ЖБО) кіретін Ахуалдық орталық бақылауына алыну және өңделу үшін жіберіледі.

Одан бөлек, қосымша 10 000 камера дәл сол уақыттағы автокөліктердің нөмірлік белгілерін, жылдамдық режимдерін, қоғамдық көліктің жолағымен жүргенін және стоп-сызығын кесіп өту жағдайларын жазып алатын болады: 6 000 камера 400 көше қиылыстарында және қаланың 300 сызықтық жер телімдерінде; 4 000 камера ойын-сауық орталығы, театр, спорт алаңдары сияқты көпшілік қауым жиналатын орындарда орналасатын болады.

​Сурет және бейне жазу камералары орнатылатын орындар Әкімшілік полиция басқармасы (ӘПБ) және Жергілікті полиция қызметінің (ЖПҚ) қызметкерлері бірлесе отырып зерттелген. Апаттылық жағдайы мен жол-көлік оқиғаларының саны бойынша жасалған талдауды ескере отырып, қазіргі таңда сурет және бейне жазу камераларын орнату жұмыстары жүргізілуде.

​Жаңа оқу жылының басталуына орай, Астана әкімдігі жұмыстарының көпшілік бөлігі балалардың қауіпсіздігіне бағытталған: оқу мекемелері мен балабақшаларға жақын жердегі көлік қозғалысының жылдамдығы 40 км/сағ дейін шектелген, жылдамдықты шектеу белгілері орнатылған, сәйкес жол белгілері сызылған. Бұл жер телімдері сурет және бейне жазу жүйелерінің назарына ерекше алынған.

Еске салайық, ЖЖЕ-нің сурет және бейне жазу жүйелері Астанада алғаш рет 2015 жылдың ақпан айында VOCORD аппараттар кешені мен Red Speed жылдамдық өлшеуіштерін қаланың 11 көше қиылыстарында орналастырумен іске қосылған. Ол «қаланың зияткерлік көше қиылыстары» деген атауға ие болды. 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 21 VOCORD камералары мен 83 Red Speed жылдамдық өлшеуіштерінің жұмысының нәтижесінде Астана қаласында 66 410 ЖЖЕ бұзушылықтары мен 51 493 ұйғарымдардың шығарылғаны тіркелді.

Бүгінгі таңда, 323 реттелетін көше қиылыстары жұмыс істеуде, оның 60-ы «Астана қаласында сурет және бейне жазу аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және қолданысқа беру» атты жобасының аясында сурет және бейнекамераларымен жабдықталған. Сонымен қатар, қазірдің өзінде қаланың 100 сызықтық жер телімдерінде радар кешендері толығымен жұмыс істеуде. Кешеннің тестілік кезеңдегі жұмысынан алынған ақпараттар бойынша құқық бұзушылықтарды талдаудан өткізу жұмыстары жүргізілді. Талдау 2017 жылдың тамыз айының өзінде кейбір автокөлік иелері 25-ке жақын ЖЖЕ бұзушылықтарын жасағанын көрсетті. 15 қыркүйекке дейінгі ұйғарымдарды әзірлеу үрдістері уақытша болмағанына қарамастан, аталған мерзім аралығында бұзушылық жасаған жүргізушілер ІІД жергілікті полиция қызметі (ЖПҚ) бақылауына алынады.

ЖЖЕ бұзушылықтарын тіркеу және ұйғарымдарды дайындау 

​Автокөлік жүргізушісі ЖЖЕ бұзушылықтарын жасаған жағдайда, оларды қандай әкімшілік жаза күтуде? Ең алдымен, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 807 бабына сәйкес, құқық бұзушылық камераға түскен жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама түзілмейді және қаулы шығарылмайды. Бұл құжаттардың орнына, жүргізуші ЖЖЕ бұзған жағдайда, өкілетті орган жасалған құқық бұзушылық негізінде ұйғарым шығарады.

 Бірінші кезеңде, радар кешені автоматты түрде жылдамдық режимін бұзғанын немесе автобус және стоп-сызықтарын кесіп өткенін сурет және бейнебақылау камералары арқылы анықтайды. Кейіннен сурет және бейне материалдар Әкімшілік полиция басқармасы (ӘПБ) инспекторымен өңделу үшін өңдеу орталығына жіберіледі. Инспектор жазбаларды қарап, автокөліктің нөмірі бойынша техникалық төлқұжат деректерін, сонымен бірге көлік құралының иесі туралы жеке ақпаратты анықтайды. Маңызды сәтіне көңіл бөлу керек: ұйғарым жолда жүру ережесін бұзған кезде көлікті жүргізген адамға емес, техникалық төлқұжат деректері бойынша автокөлік иесінің атына жасалады.

​Келесі кезеңде Әкімшілік полиция басқармасы инспекторы ААІЖ – тексерісін (автоматтандырылған ақпараттық іздестіру жүйесі) жүргізеді. Ол уақытта көлік құралының тіркелуі туралы ақпараттар тексеріледі. Сурет бейне жазбадағы автокөлік деректері техникалық төлқұжатты тіркеу деректері техникалық төлқұжатты тіркеу деректерімен сәйкес келмеген жағдайда (марка, нөмірі, түсі) бұзушылық қабылданбайды да, көліктің мемлекеттік нөмірі техникалық төлқұжатымен сәйкес келмеген себептен аталған көліктің бағыттамасы туралы хабарлама жасалынады. ААІЖ – тексерісін кейін автоматты түрде ӘПБ инспекторының қайта тексерісінен өтеді де, содан соң ғана басып шығарылған түрінде автокөлік иесіне ақырғы ұйғарым толтырылады. Ұйғарым автокөлік иесіне техникалық төлқұжатта көрсетілген мекен-жай бойынша "Қазпошта" бөлімшелері арқылы іске асатын болады.

Сонымен қатар, 15 қыркүйектен бастап басқа қала көліктерінің иелері мен шетел нөмірлері бар автокөлік жүргізушілері Астанада жүрген сапарында 2 немесе одан да көп ЖЖЕ бұзушылықтарын жасаған жағдайда, олар бүліністері және алдағы айыппұл салынатыны туралы ескертілетін болады. Бұл мәселелермен қаланың ІІД ЖПҚ патрульдік бригадалары арнайы планшет пен сурет және бейне жазу жүйесіне байланысты мобильдік қосымшалар арқылы автокөліктің орналасқан орнын анықтап отыратын болады. Аталған қосымшалар ЖПҚ қызметкерлеріне ақпаратты жеткізу мақсатында құрылған болатын.

Астананың әкімшілік полициясының ұйғарымы бойынша айыппұл төлеу  

​Ұйғарымды алған автокөлік иесі айыппұлды бірнеше жолмен төлей алады. Екінші деңгейдегі банктің қолма-қол есеп айырысу бөлімшесі немесе «Қазпошта» арқылы қолма-қол төлеу. Қолма-қол ақша арқылы айыппұл төлеу банктің төлемдер жүйесі мен ІІМ-нің «Бақылау» атты ААІЖ арқылы жүзеге асады. Нәтижесінде айыппұлды төледі деген хабарлама тікелей ҚР ІІМ қорына түседі. Айыппұлды төлеудің мұндай түрінде айыппұл түсетін бюджеттік сыныптама кодын (БСК) - 204106 дұрыс көрсету керек. БСК дұрыс емес көрсеткен жағдайда, айыппұл өтелмейді. Қазіргі таңда, бұл жүйеге екінші деңгейдегі 17 банк қосылған. Одан бөлек, айыппұлды Kaspi төлем қызметтерін көрсететін терминалдар мен «QIWI кошелек» терминалдар арқылы төлеуге болады.

​Қолма-қол ақшасыз төлем түрлері де, яғни egov.kz порталында тіркелу арқылы банктік картамен айыппұлды төлеу енді қолжетімді. Сонымен бірге екінші деңгейегі банктердің интернет-сайттары арқылы онлайн-төлем: мысалы, Qazqom төлем карталарының иелері homebank.kz сайты арқылы айыппұлды төлей алады.

​Еgov.kz сайтында айыппұлды төлеу үшін жүргізушінің жеке сәйкестендіру деректерін енгізу керек, атап айтқанда автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері және техникалық төлқұжат нөмірі. Ақпараттық терезеде айыппұл мен оның сомасы шығады, содан соң «Төлеу» деген жазуды басу керек. Одан кейін, айыппұл ІІМ дерекқорынан жойылатын болады. Дәл осындай жолмен банктердің интернет-сайттары арқылы айыппұлды төлеуге болады.

​Сонымен бірге, өте ыңғайлы әрі заманауи тәсіл бар – ол айыппұлды мобильді қосымша арқылы төлеу: ЖЖЕ бұзғаны үшін айыппұл төлеу қызметтері egov.kz, HandyPay, MyPay және telegram мобильді қосымша мүмкін.

​Айыппұлдың бар-жоқтығын тексеру үшін немесе telegram арқылы төлем жасау үшін іздеу жолағында @KazPostBot парақшасының атауын теріп, нұсқаулықты сақтау керек. Жоғарыда көрсетілген тәсілдер арқылы ЖЖЕ бұзғаны үшін айыппұлдар төленген болса, арнайы түбіртекті әкімшілік полиция бөлімшелерінде көрсетудің қажеттілігі туындамайды, себебі айыппұлдардың төленуі туралы ақпараттар автоматты түрде ІІМ-нің әкімшілік құқық бұзушылықтарды есепке алудың ақпараттық жүйесіне түседі.

​Автокөлік жүргізушілерінің назарына: айыппұлды тексеру және оған қатысты тексеріс - көліктің тіркеу нөмірі мен техникалық төлқұжат нөміріне сәйкес жүзеге асады. Осы орайды, барлық жүргізушілерге техникалық төлқұжат және төлқұжатта көрсетілген тұрғылықты мекен-жай деректерін жаңартуды ұсынамыз.

Астана қаласының әкімшілігі, ІІД ӘПБ барлық автокөлік иелері және Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына жолда жүру ережелерін қатаң сақтауды және қала көшелеріндегі бұзушылықтарға жол бермеуді өтінеді.

​Астанадағы сурет және бейне жазу камераларының орналасу картасы 

Картаның электрондық нұсқасы citycams.kz сайтында орналастырылған

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.