Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

13.09.2017, 17:52 Жаңалықтар / Рухани жаңғыру
Астанада мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының көшбасшыларымен жаңа жастар жобасы талқыланды

Бүгін Елорда әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев оқу орындарының жетекшілерімен А84 жаңа жобасын қарады. А84 жаңа жобасы Астана қаласы жастар саясаты басқармасының бастамасымен құрылып, барлық мектеп көшбасшыларына жіберіледі. 

Әкім орынбасарының айтуынша, қосымша клуб жастар арасындағы маңызды мәселелерді шешуде жаңа импульс болмақ.  

– Жақында жастар арасында бірқатар мәселелерді талқылау барысында барлық мектептің көшбасшыларын жинайтын А84 қосымша клубын құру қажеттілігіне тоқтаған болатынбыз. Бүгінде Елордада 95 мектеп бар, олардың 11-і жеке меншік, 84 мемлекеттік мектеп. Бүгін біз сіздерді қаладағы барлық саланың мәселесін талқылау үшін шақырдық. Кемшіліктерді жасырмауымыз қажет, керісінше, жастарымыз қоғамда белсенді әрі қолайлы өмір сүру үшін оған ықпал етуіміз керек. Бүгін сіздер мектепте, кейін жоғары оқу орындарында оқисыздар, содан соң үлкен өмірге аяқ басасыздар, яғни, өз тағдырларыңызды құрасыздар әрі елімізді дамытуға үлес қосасыздар, - деді Аманшаев мырза.

Еске салайық, жастар саясаты жөніндегі басқарманың бастамасымен қалада Астананың 14 жоғары оқу орындарының жетекшілерін біріктірген А14 жобасы іске қосылған болатын. Онда 51 мың студент бар. Басқарма жетекшісі Асхат Ораловтың айтуынша, аталған жоба 8 айдың ішінде жақсы көрсеткішке қол жеткізген. 70-80% еріктілер – жоғары оқу орындарында оқитын студенттер қайтарымсыз негізде ЭКСПО мамандандырылған көрмесінде жұмыс істеді.

– Осы алаңның арқасында біз студенттерге көшбасшылар, жастар мәселелері жөніндегі комитет, жастар саясаты орталықтарының төрағаларымен қарым-қатынас бойынша маңызды әрі пайдалы ақпараттарды мультипликативті нәтиже арқылы жеткізе аламыз. Кеңірек жүйелі жұмыс жүргізу үшін колледждерден 35 көшбасшыны шақырдық. Енді А14 принципі бойынша жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Үшінші кезеңде қаладағы мемлекеттік мектептер қосылатын  А84 жобасын іске қосамыз, онда көшбасшылар қоғамдық-саяси жұмыстарға араласатын болады, - деді Асхат Оралов. 

Осылайша, «Астана Жастары» базасында А14, А35, А84 кеңістіктерінде мемлекеттік жастар саясаты жүзеге асырылатын жеке алаң құру жоспарлануда. Үш кезеңдік жүйе «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жастардың әлеуметтік баспалдағын одан әрі дамытуға әрі азаматтық ұстанымды белсенді жүргізуге бағытталады.

Айта кету керек, шара барысында әкім орынбасары жастар арасындағы суицид мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – жастар арасындағы суицид оқиғаларының көбеюі.

– Біз қазір жастар арасында орын алып жатқан мәселелерді жиі кездестіретін болдық. Оның ішінде – өз-өзіне қол жұмсау проблемасы өзекті. Кейбір сайттар мен әлеуметтік желілердің ықпалы жас буынның психологиясына кері әсер етуде. Оларды өз-өздеріне қол жұмсауға не итермелеуде, себеп қандай, оған қандай факторлар негіз болуда? Біз үшін бұл аса жауапты мәселелердің бірі, - деді  Ермек Аманшаев.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.