Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

14.11.2017, 15:31 Баспасөз орталығы / Жаңалықтар
«Астанаэнергосервис» АҚ-ның жаңа басқарма төрағасы тағайындалды

Аппараттық кеңесте елорда әкімі Әсет Исекешев жаңа кадрлық тағайындау туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Әсет Исекешев қаланың энергокешенінің дамуына үлесін қосқаны үшін «Астанаэнергосервис» АҚ-ның басқарма төрағасы қызметінен өз еркімен босатуды сұраған Ермек Алимовке алғысын білдірді.  

«Атап өту керек, осы жылы энергокешенді дамытудың үш жылдық стратегиясы әзірленіп, енгізілді. Оның аясында тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) қолдану жұмысы бастау алды.

Энергокешендегі бизнес процестерді ашықтықпен қамтамасыз ету бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде конкурстық үнемдеу, кассалық алшақтықтың төмендеуі жүзеге асты. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 1,6 млрд теңге көлемінде кіріс түсті», - деп мәлімдеді әкім.

«Астанаэнергосервис» АҚ-ның жаңа басқарма төрағасының қызметіне Ардақ Тиес тағайындалды. Ол әртүрлі жылдары ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары, Қазақстан даму банкі төрағасының орынбасары, «Астана-Энергия» АҚ төрағасының орынбасары сияқты жауапты қызметтерді атқарған болатын.

Астана әкімі «Астанаэнергосервис» АҚ-ның жаңа жетекшісіне сәттілік тілеп, KPI енгізу, қаладағы энергокешеннің сенімділігі мен тиімділігін жоғарылату жұмысын жүргізуді жалғастыруды, сондай-ақ, қысқы уақытта жылыту кезеңіне қатысты мәселелерге ерекше көңіл бөлуді тапсырды. 

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.