Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

14.11.2017, 16:20 Баспасөз орталығы / Жаңалықтар
Өртті ауыздықтаушы

27 жасар Мереке Жұматаев 4 жылдан аса өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде құтқарушы талай нәрсені көрді, бірақ оның ең басты ерлігі егде адамды құтқарғаны, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

МӨБ №16 аға сержанты Мереке Жұматаев өрттің ішінен жасы үлкен ер адамды қалай алып шыққанын айтып берді. «Бесінші қабат өртеніп жатты. Пәтерлердің бірінде шамамен 70 жастағы бір кісі қалып кетіпті. Ол қорыққаны соншалық, қимылсыз кереуетінде тұра алмастан жатып қалған. Меніңше, ол айналасында не болып жатқанын да аңғарып үлгермеген.  Оны көтеріп алып, сыртқа шықтым. Бір уақытта ол өз өзіне келе бастады. Сол жерде қарт кісіні құтқарып қалғаныма қуанып кеттім. Әрине, мұны ерлікке баламаймын, бұл біздің жұмысымыз. Бірақ, адамдардан алғыс естіген кезде риза болады екенсің», - дейді Мереке.

Сержант Жұматаев «Абу Даби Плазадағы» өртті сөндіру кезіндегі оқиғаға да қатысқан. Өрт сөндірушілер аспанмен таласқан ғимаратты тәулік бойы күзетті.

«Бұл өте ерекше ғимарат. Жоғарғы қабатта өртті сөндіру мүмкін болмады, барлығы жанып жатқандықтан, ол жаққа көтеріле алмадық. Сол себепті, біз өрттің басқа аймаққа таралып кетпесі үшін тәулік бойы кезекшілік еттік. Жерге қарай ғимараттың сынған материалдары құлап, әйнектері сынып жатты, ал көшеде аяз қақап тұрды», - деп еске алады құтқарушы.

Мереке Жұматаев қалалық биліктің алғыс хаты мен құрмет грамотасымен үш рет марапатталған.

«Өткен жылы Шығыс Ильинка селосын су басып қалған кезде де біз тәулік бойы кезекшілік етіп, адамдарды көшіруге атсалыстық. Кейбір үйлерді су басып қалды. Тұрғындар үйінен шыға алмай біз қаппен құм тасып, оларды көшіру үшін жол жасадық. Тасқын аяқталып, бәрі жақсы болған соң, мені және әріптестерімді марапаттады», - дейді ол.

«Біздің жұмысымызда ең бастысы – кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдау. Адамдардың өмірі саған тәуелді және әрбір секунд қымбат болып тұрған кезде шешуші сәтті жіберіп алмау маңызды», - пайымдайды құтқарушы.

Ол өрт сөндіру саласына досы арқылы келген. Себебі, досы бұрын осында жұмыс істегендіктен, мұны да құтқарушы болуға шақырған екен.

«Мен қиын жағдайда қалған адамдарды көптеп құтқарып, абайсызда шыққан өрттің алдын алғым келеді», - дейді Мереке Жұматаев.

Мереке үйленген, жұбайы екеуі 2 ұл тәрбиелеп отыр. «Жұбайым жұмысыма қарсы болған емес, тек кетер кезде абайлап жүруімді өтінеді» - дейді ойын бөлісіп.

Айтпақшы, өрт сөндірушінің киімі 20 келі салмақты құрайды. Осы арнайы киімді 18 секундта киіп үлгеруің керек. Ал құтқарушылар өрт болып жатқан жерге жарты минутта жетіп баруы тиіс.

Мәтін: Рабиға ДҮЙСЕНҒҰЛОВА

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.