Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

06.12.2017, 18:23 Баспасөз орталығы / Жаңалықтар
Астана әкімдігінде қала тіршілігіне қатысты мәселелер қаралды

Астана әкімі Әсет Исекешевтің төрағалығымен қалалық әкімдікте апталық аппарат жиналысының кезекті отырысы өтті. Онда қала тіршілігіне қатысты бірқатар мәселелер қаралды, деп хабарлайды елорада әкімдігінің медиа орталығы.

Жиын барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов қаладағы жалпы жағдай мен санитарлы-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екендігін тілге тиек етіп, жылыту маусымы кезіндегі, сондай-ақ, көліктерден шығатын зиянды заттардың есебінен қаладағы ауаның ластануы сияқты өзекті мәселелерге тоқталып өтті.

«Астанадағы жалпы жағдай тұрақты. Есепті кезеңде табиғи апаттар орын алған жоқ. Техногендік сипаттағы 4 өрт оқиғасы тіркелді. Олардың үшеуінде азаматтар улы газдан зардап шеккен болатын. Ғимарат жануының бір оқиғасы тіркелді. Жалпылай алғанда, өрт салдарынан он бір адам зардап шексе, олардың бесеуі – балалар. Абырой болғанда, құрбандар жоқ», - деп мәлімдеді Қосман Айтмұхаметов.

Отырыс барысында экология мәселесі де талқыға салынды. Қосман Аймұхаметовтың сөзінше, есепті кезеңдегі жағдай тұрақты, бақылау деңгейінен асырмау жұмыстары жалғастырылуда.

«Ауаның ластануына, бірінші кезекте, автокөлік себеп болады (53%-дан астам). Бүгінгі таңда қалада автокөлік құралдарының 344 462 тіркелген. Олардың 20 мыңға жуығы газбен жүреді. Мәселен, коммуналдық меншіктегі 850 көлік көк отынға көшірілген.

Сондай-ақ, қалада «ЭкоТакси» көліктерінің 158 бірлігі мен газбаллон қондырғысы орнатылған 14 мың жеке көлік құралдары жұмыс істейді. Жеке таксопарк иелерімен көліктерді газды отынға ауыстыру жөніндегі бірқатар меморандумға қол қойылды (500 бірлік). Бұл бағыттағы жұмыстар 2018 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, елордада ЕВРО-5 және ЕВРО-6 санатындағы 738 автобус жүреді. Олардың 380 бірлігі 2017 сатылып алынған болатын», - деді Қосман Аймұхаметов.

Астана әкімі орынбасарының айтуынша ауаның ластануына жол қозғалысын реттеудің жетілдірілмеген жүйесі мен ескі көліктердің зиянды заттарды шығаруы да себеп болуы мүмкін.

Бізде машинаның бос жүрісі деген ұғым бар. Машиналар қиылыстарда тұрған кезде, таңертең оны іске қосу кезінде атомосфераға зиянды заттар шығады. Осы мәселені шешу үшін біз жанар-жағар майды газға ауыстырды ұсынып отырмыз. Бүгінге дейін 18-20 мыңға жуық көлік құралын көк отынға ауыстыру жөніндегі рұқсат бар», - деп атап өтті ол.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында елорда әкімі Үкіметтің атына  заңнамаға моторлы отынның сапасын бақылау тұрғысында өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыным хатты жолдауды тапсырды.

Ал Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың келтірген мәліметіне сүйенсек, ЖЭО-2 кеңейту мен қайта жөндеу жобасын іске асырудың аясында № 7, 8 станциялардың энергетикалық қазандықтарын орнату көзделген.

Бақтыбек Жапаевтың сөзінше, № 1-4 станцияларының су жылыту қазандықтарында 1200 мг/ нм3-ден 500 мг/нм3-ге дейінгі азот тотықтарын (NOx) басу мақсатында отынды жағу жүйесін қайта жөндеу жұмыстары атқарылды. 2017 жылы № 3 су жылыту қазандығы, 2018 жылы № 2,4 су жылыту қазандықтары және 2019 жылы № 1 су жылыту қазандығы жөндеуден өтпек.

Аппараттық кеңесте елорданы газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жиында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басышысы Мұса Танабаев ведомствоның «Астана қаласының 2017-2018 жылдарға арналған қоршаған ортаны жақсарту шараларының кешенді жоспары» жобасын жүзеге асыруға кіріскенін жеткізді.

«Бүгінгі таңда қалдықтарды жандыру оқиғаларын болдырмауды анықтайтын мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған мобильді топтар құрылды. Нақтырақ айтқанда, жеке сектордағы үйлерде тұратын азаматтар көмірден басқа шина, тыс, қақпақ, сияқты қоршаған ортаға зиян тигізетін материалдарды жандырады. Бұл Астана қаласының абаттандыру ережесінің 15 тармағын бұзу болып табылады», - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Сол себепті Астананың энергетика басқармасы жеке сектордағы тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттардың кезеңмен «Global Gaz Group» ЖШС қатысуымен газ отынына көшіру жұмыстарын қолға алып отыр. Осы күні «Тұран» стансасынан төмендетілген табиғи газды (қуаты сағатына 10 мың текше) алғашқы тұтынушы Назарбаев Университетіне жіберу басталды. Сондай-ақ, Ғарыш орталығы мен Қорғаныс министрлігі академиясын қосу жұмыстары аяқталды. 2018 жылдың соңына дейін газдаудың екінші кезеңі Пригородный, Тельман тұрғын алаптарындағы жеке сектордағы үйлер мен Назарбаев халықаралық әуежайы ауданын қамтитын «Тельман» стансасы іске қосылады деп жоспарлануда.

Осыған орай, Әсет Исекешев премьер-министрдің атына экология мәселелеріне қатысты кеңес өткізу жөнінде хат жолдауды, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен ІІД ЖПҚ көмір сапасын бақылауды күшейтуді, қала көшелері мен ауасын ластайтын көлік құралдарын қатаң қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар, елорда әкімі Астанадағы криминогендік жағдайдың жайынан ақпараттандырылды. Астана қаласы ІІД-нің бастығы Амантай Әубәкіров елордадағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қолданылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша апта ішінде қалада 918 қылмыс тіркелген.

«Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыстар саны 8%-ға азайды. Есепті кезеңде екі өте ауыр қылмыс жасалды. Олардың беті ашылды. ЖКА-ның 9 оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 13 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің ішінде біреуі – бала. Олардың барлығының жағдайы тұрақты», - деп мәлімдеді Астана қаласы ІІД-нің бастығы.

Сондай-ақ, жиын барысында шетелдік азаматтардың заңнаманы бұзғандығы айтылды. Бұл тұрғыда Әсет Исекешев оларды елден шығару шараларын қолға алуды жүктеді.

 «Үндістан азаматтары қоғамдық орында алкогольді ішімдік ішкені анықталды.  7 шетелдік азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып отыр. Олардың барлығы тұтқындалды. Енді олар елден шығарылатын болады. Үндістандықтарға ішімдікті сатқан дүкенге қатысты да жаза қолданылуы тиіс. Олар айыппұл төлеуі немесе жабылуы керек. Қытайлықтарға келетін болсақ, олардың мекендеу ережелерін анықтау керек. Әр қытайлық осы ережелердің астына қолын қойғаны жөн», - деп баса айтты Астана әкімі.

Бұдан басқа, Астана әкімдігі аппаратының кеңесінде үлескерлік құрылыстың проблемалы нысандары, қаланы жарықтандыру, МЖӘ жобаларын іске асырудың барысы, жылыту маусымы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру дәрі-дәрмек топтары мен олардың қорларына қатысты мәселелер талқыланды.

Жиынның қорытындылары бойынша Әсет Исекешев өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма берді.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.