Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

07.12.2017, 16:26 Жаңалықтар / Денсаулық сақтау
Астана қаласының қоғамдық кеңес мүшелері елорда емханаларын аралады

Халыққа медициналық қызмет көрсету жағдайы мен елордадағы денсаулық сақтау жүйесінің даму перспективалары мәселелері көтерілетін қоғамдық  тыңдауға дайындық аясында қоғам белсенділері елорданың  емханаларында болып қайтты деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Іс- шара барысында қаланың қоғамдық кеңесінің мүшелері Астана қаласының №9 емханасы мен «Салауатты Астана» отбасылы-дәрігерлік амбулаториясының қызметкерлерімен кездесіп, бүгінгі медицина саласында орын алып отырған бірқатар проблемалы жәйттермен танысты.

Астана қаласының №9 емханасы 2015 жылдың тамызында ашылған болатын. Бүгінгі таңда емхана 72 мыңға тарта адамға қызмет көрсетеді. Қазіргі заманның талаптарына жауап беретін емханада 12 бөлім бар. Мұнда 3 жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімі, 1 педиатриялық бөлім, 1 функцианалды диагностика бөлімі, 1 хирургиялық бөлім, 1 күндізгі стационар, 1 психологиялы- әлеуметтік көмек бөлімі жұмыс істейді.

Күндізгі стационар жанындағы амбулаториялық хиурургия орталығында эндоскопиялық, гистероскопиялық, цистоскопиялық оталар жасалады. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында емханада 334 ота жасалған. Хирургиялық бөлімнің меңгерушісі Бейбіт Бозабаевтың айтуынша, алдағы уақытта оталар санын көбейту көзделіп отыр.

«Күніне 3-4 ота жасаймыз. Көбіне бұл: хирургиялық, травматологиялық,гинекологиялық, эндоскопиялық оталар. Жақын арада орталығымызда артескопиялық оталар да жасалады деп жоспарлануда. Мамандардың барлығы бар, заманауи қондырғылар орнатылған, құрал-саймандарымыз да жеткілікті. Сол себепті алдағы уақытта оталардың санын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - деді Бейбіт Бозабаев.

Емхана жұмысының проблемалы тұстары да жоқ емес. бүгінгі таңда медицина саласындағы ең өзекті деген мәселелердің бірі – жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компонентінің мөлшері болып табылады. Қызметкерлердің жалақысы да оның мөлшеріне байланысты. №9 емхананың бас дәрігері Айгүл Жақсылықованың айтуына қарағанда, аталмыш көрсеткішті жоғарылату керек.

«Жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компонентінен түскен қаражат толықтай емхананың еншісінде. Қаражаттың мөлшері емханаға тіркелген азаматтардың санына тәуелді. Қанша адам тіркелген болса, сондай көлемде емханаға қаржы құйылады. Бүгін әр адам үшін біз мемлекеттен 897 теңге аламыз. Осы ақшаны біз емхананы қүрал-жабдықтармен жарақтандыруға, коммуналдық төлемдерге, дәрі-дәрмекпен қамтуға, қызметкерлерге жалақы төлеуге жұмсалады. Бізде үнемдеу деген жоқ. Өйткені түскен ақшаның 85 пайызы қызметкерлердің жалақысына кетеді. Медициналық қызметкерлердің жалғыз ставкасына кімнің жұмыс істегісі келеді?! Сондықтан бұл көрсеткіш ұлғайса, нұр үстіне нұр болар еді», - Айгүл Жақсылықова.

Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшелері осы мәселе мен азаматтардың емханаларға тіркелу мәселесіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу, жеке медициналық ұйымдардың орталықтандырылған жүйесін құру бойынша ұсыныстарды алдағы қоғамдық тыңдауда көтеретін болады.

Айта кетейік, қоғамдық кеңестің кезекті тыңдауы алдағы сәрсенбі, 13 желтоқсанда өтеді деп күтілуде.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.