Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

15.12.2017, 17:15 Баспасөз орталығы / Жаңалықтар
Тәуелсіздік күні қарсаңында елорда әкімдігінде мемлекеттік наградалар табысталды

Бүгін Астана қаласы әкімдігінде Тәуелсіздік күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында елорда әкімдігінде Астана әкімі Әсет Исекешев мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі елеулі еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны, халық арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін бірқатар азаматқа Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын табыстады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тиісті Жарлыққа (2017 жылғы 5 желтоқсандағы №594) қол қойды.

Салтанатты жиын барысында Ә. Исекешев баршаны келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, елордамыз бен еліміздің игілігі үшін еңбектеніп жүрген азаматтардың жауапты әрі адал жұмысы үшін алғысын білдірді.

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

«Еліміздің ең ұлық мерекесі қарсаңында осындай құрметке бөленіп, еңбегімнің еленіп жатқанына қуаныштымын. Біріншіден, көлге тамшы болып құйылған еңбегімді бағалап жатқан Қазақстан халқына, Елбасына алғысымды білдіре отырып, қазақ елін Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әріптестеріме, достарыма, өнер сүйер қауымға рахметімді айтамын».

Бақыт Исабекова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

«Жалпы өнер халықтікі. Халық үшін жасаған еңбегіміз бағаланды деп ойлаймын. Мен осы театр ашылған 1991 жылдан бастап жұмыс жасап келемін. Бүгінге дейін осы театрдың барлық жақсылығы, қуанышы, өсуі, белес-белестері менің көз алдымда.  Бұл да бір еңбектің жанғаны, жалпы адамды көркейтетін, биіктететін - еңбек. Өнердегі еңбегімнің еленгеніне ризамын. Осындай құрмет, марапаттар бізге қанат бітіреді».

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.