Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

12.03.2018, 11:39 Жаңалықтар / Мәдениет
Скрипкашы Ержан Күлібаев «Астана Опера» театрында өнер көрсетеді

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» Камералық оркестрі әлемге әйгілі скрипкашы Ержан Күлібаевпен бірге (Қазақстан-Испания) «Скрипкалық музыка жауһарлары» концертін ұсынады. Неміс классик-композиторларының шоқтығы биік шығармалары 21 наурызда театрдың Камералық залында шырқалады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Бұл кеште орындалатын классикалық жауһарлар оркестрмен скрипкаға арналған шығармалардың даму жолын айқындап, аталған жанр тарихында маңызды рөл атқарды. Айбынды романтик-композитор Макс Брухтың оркестрмен скрипкаға арналған №1 соль минор, ор. 26 концерті шырқалады. Шығарма құрылымының ерекшелігі, эпикалығы, шыңдалған музыкалық формасы, мәнерлілігі, бейнелердің әсемдігі, драмалылығы, жігерлілігі мен ауқымдылығы елордалық тыңдармандарға ұмытылмас әсер қалдырады.

Людвиг ван Бетховеннің оркестрмен скрипкаға арналған ре мажор, ор. 61 концертін скрипкалық репетуардың ең күрделі шығармалары қатарына жатқызады, оның мазмұнының тереңдігі орындаушылық өнердің асқан кемелдігін қажет етеді. Туындыны тамаша әуен, формасының үйлесімділігі, сыршылдығы, драматургия симфониясы, халықтық бейнелердің жарқындылығы мен ақсүйектігі ерекшелендіреді. Осы концерттің шығармаға арналған каденцияның толық жиынынан тұратын, фортепианоға автормен ыңғайластырылған түрі бар. Түсіндіріп өтсек, каденция дегеніміз – шығарманың негізгі тақырыбына еркін қиялдауға мүмкіндік беретін, аспаптық концерттегі виртуоздық сипаттағы кірістірме. Шығарманың авторлық нұсқасын орындау мүмкіндігі үшін атақты скрипкашы Ержан Күлібаев Бетховеннің скрипкаға арналған каденцияларының транскрипциясын жасады.

«Биыл маэстро Абзал Мұхитдиновтың басшылығындағы оркестрмен М.Брухтың концертін алғаш рет орындағаныма 20 жыл толады. Содан бері әлемнің көптеген елдерінде бірнеше рет бірлесіп өнер көрсеттік. Осы кеште біз орындайтын Л. ван Бетховеннің концерті – скрипкалық репертуардың биік шыңы. Музыкалық идея мен сипатын өзгертпей, литаврдан басқа қосымша аспаптар пайдаланбай, «ыңғайсыз» тұстарын қысқартпай, Л. ван Бетховеннің скрипкаға арналған каденцияларына транскрипция жасау – оңай шаруа емес. Бұл каденциялар – осынау тамаша музыкаға жасалған баға жетпес авторлық түсініктеме – шығарманы өзіндік тану үшін жақындай түсуімізге мүмкіндік береді. Енді, жаңа транскрипция маған зор қуаныш сыйлайды, Л. ван Бетховеннің концертін авторлық нұсқада орындау – сөзбен айтып жеткізуге келмейтін теңдессіз сезім», - деді Ержан Күлібаев.Концерт 21 наурыз күні сағат 18:00-де басталады.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.