Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

21.03.2018, 15:39 Баспасөз орталығы / Жаңалықтар
Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

ҚР Президенті көктемдегі күн мен түннің теңелу сәтінде ерекше мән барын, бұл күннің жаңаруға алып келетінін айта кетті. 

Бүгін Астанада Наурыз мерекесіне байланысты халықтық серуен басталды. Мемлекет басшысы қазақстандарға қарата мерекенің өте маңызды, жаңаруға жол ашатынын айтты. 

«Барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын! Бұл көктем мерекесі, жаңғырудың, өсудің мерекесі. Бұл мерекені шын ниетімізбен қуана күтеміз, себебі күн мен түн теңеліп, қыс аяқталады. Көктем басталып, барлық табиғат қайта түлейді. Ғасырлар бойы біздің халық осы мейрамды әрдайым күтіп, бір-біріне қонаққа барған, бүкіл өкпе-ренішін ұмытып, тал-ағаштар отырғызған, үйдің айналасын тазартып, ретке келтіріп, жазға дайындалған», – деді Н. Назарбаев. 

Сөз арасында ҚР Президенті қазір елдің алдында үлкен міндеттемелер тұрғанын айта кетті. Әрбір азаматымызға жаңа мүмкіндік беретін «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру мәселесіне ерекше тоқталды. 

«Осы кезге дейін Қазақстанды дамытудың мәселелерін шешіп келдік. Қазақстанның әлем алдында беделі айрықша, оны халық жақсы біледі. Осы бағытта терең жұмыс жасап келемін. Қазір де алдымызда үлкен міндеттеме тұр. Әлем өте құбылмалы, индустрия да, технология да, өмір салты тез ауысуда. Біз содан қалып кетпеуіміз керек, сондықтан біздің міндетіміз – 30 дамыған елдің қатарына кіру. Бұл бәрінен бұрын халықтың жағдайын жақсартуға арналған. Сол себепті, мен жақында жай ғана азаматтардың өмірін жақсартатын 5 бастама жарияладым. Оны білесіздер, бірінші – бұл қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуді жеңілдету. Екінші –  жалақысы төмен азаматтарды салықтан босату, үшінші – жастарға қамқорлық жасау, жаңа гранттар, жатақхана құрылысы. Төртінші – Қазақстанды газдандыру. Мұны білесіздер, қолдайсыздар деп сенемін, бәрімізге жұмыс істеу керек. Мен барша қазақстандықтарға Отанымыздың көркеюі үшін береке, бақыт, бірлік, табыс тілеймін», – деді Н. Назарбаев. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклін тамашалады. Жоғары технологиялы музыкалық-хореографиялық этно-модерн қойылымына Қазақстанның белгілі өнер тарландары мен сахна өнерінің жас таланттары қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті «ЭКСПО» көрме кешені аумағында орналасқан этноауылды аралап көрді. Мұнда музыкамен әрленген театрландырылған көріністер қойылып, декоративті-қолданбалы шығармашылық көрме және ұлттық спорт сайыстары ұйымдастырылды. 

Сурет: http://www.akorda.kz

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.