Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

15.05.2018, 11:26 Жаңалықтар / Денсаулық сақтау
Жапония Қазақстан медицинасын дамытуды қолдауға дайын

Жапония үкіметі мен Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері жұмыс сапарымен қалалық №2 балалар ауруханасында болып қайтты. Кездесу барысында делегация 2000 жылы ауруханаға Жапония үкіметінің гранты бойынша бөлінген медициналық жабдықтардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінгі таңда ауруханада жапониялық грантпен берілген құрылғылардың ішінде компьютерлік томограф, лапароскопиялық жабдық, рентген жабдығы, зертханалық-диагностикалық құрылғы, микроскоптар, анализаторлар, УДЗ аппараттары, электронды-оптика өңдегіш, тасымалданатын рентген аппараттары қолданылады.

Медициналық техниканың жай-күйіне өздерінің оң бағасын берген делегация мүшелері Жапонияның алдағы уақытта ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.

«Медициналық жабдықтардың жай-күйі оның қаншалықты ұқыпты пайдаланылатындығына байланысты. Бүгін қондырғылар мен құрылғыларды көріп, таң қалғаным рас. Біраз жыл бұрын шығарылғандығына қарамастан, техника жұмыс істеп тұр. Тіпті,олардың арасында әлі де жөндеуге берілмеген құрылғылар бар. Қазақстан – дамушы мемлекет. Ал медицина саласы заман талаптарына жауап беруі тиіс. Біз сіздің елге бұл істе қолымыздың ұшын беріп, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Жапонияның қаржы министрлігі Бюджеттік бюросының шетелдік істер бюджеті жөніндегі инспекторы Ватанабэ Масааки.

Кездесу барысында аурухана құрылымына энергия сақтаушы элементтерді енгізу және инновациялық технологияларды енгізудің стратегиялық бағытын өзгерту мәселелері талқыланды.

Шара соңында қалалық № 2 балалар ауруханасының жетекшілігі медициналық мекеменің инфрақұрылымын дамытуда екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде екі тарапқа аурухана менеджментінде өз тәжірибесімен бөлісуге септігін тигізбек.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.