Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

24.05.2018, 19:22 Жаңалықтар / Астананың 20 жылдығы
Астана және Атырау облысының әкімдіктері арасында 7 меморандумға қол қойылды

Елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған делагация жұмыс сапарымен Атырау облысына келіп жетті. Қонақтарды Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қарсы алды. 

Сапардың басты мақсаты – өңірлер  арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атырауда елорданың 20 жылдығына арналған Атырау облысындағы Астана күндері аясында бірқатар шара өтті. 

Астаналық делегация Атырау облысының бірқатар өндірістік, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарын аралап, «Астана – Атырау облысы арасындағы өңіраралық ынтымақтастық» бизнес-кездесуіне қатысты.

Шара барысында іскерлік орта, елорданың даму және мемлекеттік органдар институты өкілдері кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қалалық бағдарламалармен, инвестициялық мүмкіндіктермен, МЖӘ жобаларымен, Smart City тұжырымдамасымен, экономиканы цифрландыруға қатысты инновациялық шешімдермен, қызмет көрсету саласын дамыту, бизнесті дамытудағы цифрлық маркетинг рөлін нығайтудың жолдарымен таныстырды.

Кездесу қорытындылары бойынша Астана және Атырау облысы әкімдіктері арасында аймақаралық ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Бұдан бөлек, өңірлердің мемлекеттік органдары мен даму институттары арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі 6 келісім-шарт жасалды. 

Дәлірек айтқанда, меморандумдар Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы арасында, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС мен Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы арасында,  «Астана» ӘКК» ҰК мен «Атырау» ӘКК» ҰК арасында, «Астана Innovations» АҚ және  «Атырау Innovations» ЖШС арасында, «Астана Innovations» АҚ және «Смарт сити» ММО арасында, «Smartnet» ЖК (Астана қ-сы) мен Атырау қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдік жолдар бөлімінің арасында бекітілді. 

Жиын соңында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев аталмыш шараның екіжақты қарым-қатынастың одан әрі нығаюына, жергілікті атқарушы билік органдары мен бизнес өкілдері арасында тәжірибе алмасып, іскерлік қарым-қатынас орнатуға қосымша мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.