Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

24.05.2018, 19:52 Жаңалықтар / Астананың 20 жылдығы
«Астана – Тәуелсіз Қазақстанның символы» атты халықаралық конференция өтті

Бүгін Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында Елорданың 20 жылдығын атап өту аясында қала әкімдігі, «Қаhармандар» қоры, Еуразия Ұлттық университеті және Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Астана – Тәуелсіз Қазақстанның символы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Конференцияның басты мақсаты – Астананың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ауқымды тарихи рөлін айқындау және жетістігін саралау. Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшірудегі маңызды шешімдер мен атқарылған істерді зерделеу. Астананың тарихи-мәдени ерекшеліктерін ашу болды.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов ел астанасының Алматыдан Сарыарқаның төріне көшірілгені Елбасының тарихы ерен шешімі болғанын және Қазақстанның Тәуелсіз ел болып қалыптасуында, дамуында, әлемге танылуында Астананың орны ерекше, оның бағасы жылдар өте арта түсетінін айтты.

Іс-шара барысында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың қазақ тіліндегі «Астана тарихы» кітабының тұсаукесері өтті.

«Бұл кітап үш тілде жазылды. Орыс тілінде былтыр жарық көрді. Қазір қазақ тілінде тұсауы кесілді. Болашақта ағылшын тілінде жарық көреді. Бұл кітапта елордамыз Астананың мыңжылдық тарихы жазылды. Осы өңірде пайда болған алғашқы қала Бозоқ туралы мәліметтер келтірілген. Ол әскери-әкімшілік, сауда-мәдени және дін орталығы болған. Қазір қаламыздың құрамына кіріп кеткен. Тарихи оқиғалардан бөлек осы өңірде туып-өскен тарихта аты қалған қазақтың мықты тұлғалары туралы мәліметтер бар. 20 жыл бұрын қала халқы үш жүз мыңдай болса, қазір бір миллионнан асады. Қала ірі мегаполиске айналуда.

Қазір Астана әлемдік іс-шаралар өтетін қалаға айналды, яғни ел Тәуелсіздігінің қалыптасуында өзінің маңызды миссиясын орындады», – деді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов.

Конференцияға Мәжіліс және Сенат депутаттары, елшілер, еліміздің белгілі ғалымдары, қалалық әкімдік, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, сондай-ақ Ресей, Түркия, Жапония, Үндістан елдерінің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен жас зерттеушілер қатысты.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.