Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

13.06.2018, 11:40 Жаңалықтар / Мәдениет
Әлемнің үздік аккордеоншысы Астанада өнер көрсетпек

Әлемге әйгілі француз аккордеоншысы әрі композиторы Ришар Гальяно алғаш рет елордалық театрдың сахнасында өнер көрсетеді. «Музыка мерекесі» концерті 17 маусымда «Астана Операның» Камералық залында өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында Ришар Гальяно «Клодқа арналған танго», «Марго вальсі», Opale Concerto мен Madreperla сынды бірнеше туындыларын, сонымен қатар А. Пьяццолланың композицияларын орындайды.

Танымал әртістің шығармашылығы классикалық музыкадан бастап джазға дейінгі барлық бағытты қамтиды.

Қазақстандағы алғашқы өнер көрсетуі алдында өнерпаз елімізбен танысу сәтін асыға күтетінін атап өтті.

«Музыка жазған кезде күнделікті өмірден – балаларыммен, достарыммен, ата-анаммен қауышып, жүздескеннен, табиғаттың әсем көріністерінен, түрлі бояуға қанық шынайы сезімдерден шабыт аламын», – деді Ришар Гальяно.

Атақты аккордеоншы бандонеон аспабын да асқан шеберлікпен меңгерген. Ол – аты аңызға айналған Астор Пьяццолланың досы әрі шәкірті, классика, джаз және француз шансоны тоғысқан тың музыкалық бағыт – «жаңа мьюзеттің» негізін қалаушы. Өзінің ұзақ та жемісті еңбек жолында үлкен сұранысқа ие болған 50-ден астам жеке альбом жазды. Әлемдік турнелері кезінде беделді халықаралық сахналарда үлкен жетістікпен өнер көрсетіп, көптеген әртістер, ұжымдармен ынтымақтастықта жұмыс жасады.

Ришар Гальяно – Францияның Өнер мен әдебиет орденінің командоры, «Ерен еңбегі үшін» Ұлттық орденінің офицері.

Концерт Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен өтеді.

Мерекелік шара сағат 13:00-де басталады.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.