Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

11.07.2018, 12:03 Жаңалықтар / Коммуналдық шаруашылық
Қоқыстарды өңдеп, қайтадан жаңа өмір беру

Таяуда Астанада қалдықты бөлек жинау жобасы басталған болатын. Күзге дейін қалада 6 мың сары контейнер орнатылады, оған тұрғындар пластик, картон, қағаздар тастайды. Пәтеріңізден жарамсыз деп тастаған қоқысқа қайтадан екінші рет өмір қалай беріледі, оны мамандар не үшін тексеріп көреді, сондай-ақ елордалықтар көбіне қандай электр құрылғыларын тастайды, осы туралы Астана әкімдігінің ресми тілшісі біліп қайтты. 

Қоқыстарды жаңартып, қайтадан екінші рет пайдалануға берілетін орынды аралап көруге бізді «KazRecycleService» қоқыс өңдейтін зауыт директоры Айдын Нұрхаметовтың өзі арнайы ертіп келді. Мұнда жұмыс қызып жатыр екен.

Кәсіпорынға күніне 900 тонна қоқыс келіп түседі екен.

– Егер қоқыс аралас күйінде келсе 10-11%  сұрыптаймыз немесе бөлек келсе 30-40% сұрыптаймыз. Қазір астаналықтарды қоқысты бөлек шығаруға үндеп жатыр. Бұл дегенің экологиялық көрсеткішті айтарлықтай жақсартады, – дейді А. Нұрахметов. 

Сарапшы бізге статистика туралы айтып берді. «Құрғақ фракция» бойынша астаналықтар көбіне картоннан, пластиктен жасалған бұйымдарды тастайды. Себебі, әрбір сатып алынған тауар ол азық-түлік не техника болсын, осыларға орап қапталған күйі сатылады. Айдын Нұрахметов бізді пластикті қайта өңдеу цехына алып келді.

 – Пластикті қайта өңдеу цехы 2012 жылы салынды, өткен жылы тұрақты режимде жұмыс жасауды бастадық. Біз түйіршіктерді (гранула) осылай аламыз. Бұл түйіршіктен түрлі бұйымдар – құбыр, тазик, шелек жасау арқылы екінші өмір береміз, – дейді ол. 

Біздің көзімізше зауыт басшысы дайын болған түйіршіктің бірнешеуін алды да, дәмін татып көрді.

– Сіз оны қазір ғана татып көрдіңіз бе, әлде бұрыннан осылай...

– Бұл дегенің нағыз кәсібилік. Тісіңмен басып көргенде оның қандай шикізат екенін түсінесің. Егер жұмсақ болса – бұл жоғары қысымдағы полиэтилен, одан пленка дайындалады, тіпті құбыр да жасауға болады. Егер қатты болса – төмен қысымды, одан тұрмыстық құралдар мен құбыр жасалады. Грануладан кейде шампуннің иісі шығып тұрады. Неліктен? Себебі, түйіршік шампунь, түрлі ыдыс-аяқ жуатын тазартқыш құралдары сияқты қолданылады.

Зауытта тәулігіне 25 тонна картон жиналады, оны кейіннен қағаз комбинатына жөнелтеміз, шынылар шыны зауытына жөнелтіледі.

Мұнда тағы да электр-тұрмыстық заттардың сынықтарын бөлек жинайтын цех бар. Қоқыстар екі санатқа бөлінеді: қара металл, abs-пластик, түсті металл, сымдар, электронды платтар және басқалар. Электр-тұрмыстық қоқыстардың ішінен көбіне шайнек шығады. Осыған қарап, астаналықтардың электр шайнегін жиі ауыстыратынын байқаймыз. 

Ал тамақ қалдықтарына келсек, оларды полигонда көмеміз.

– Қазір жүйе әзірленіп жатыр, мүмкін келесі жылы енгізіліп қалар. Онда тамақ қалдықтарынан тыңайтқыш жасап, полигондағы топырақтың құнарын қайта қалпына келтіру мақсатына пайдаланбақ. Сонымен қатар, осы компост (тыңайтқыш) қаладағы саябақ, скверлерге де жасыл желектерді жайқалтып тыңайту үшін себілмек. 

Ал бізді қоқыс зауыты басшысының өзі үйінен қоқыстарды бөлек алып шыға ма деген сауал қызықтырады.  

– Менде негізінен екі шелек тұрады. Бірінде – тамақ қалдықтары, екіншісінде пластиктер. Осында қоқысты өзім әкелемін. Ас қалдығын үйде контейнерге тастаймын. Ал картон, пластиктерді осында әкеліп беремін. Біз жақсы нәтижеге жетеміз, егер Астана халқы осыны түсініп, өзі үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін екенін де біліп жасауы қажет. Астаналықтар осылайша өркениетті қоғамда ережемен өмір сүруі керек екенін түсінетін болады, – дейді А. Нұрахметов. 

Естеріңізге сала кетейік, қоқысты бөлек жинау Астанада маусым айында  басталған еді. Сары түсті жаңа контейнерлерді аулаларға орната бастады. Ол металл, пластик, шыны, макулатура, шағын габаритті электрон техникаларды тастауға арналды. Бұл құрғақ фракция деп аталады. Қалған тұрмыстық (тамақ қалдықтары) қалдықтарға жасыл контейнер арналды. Күзге дейін қала аулаларында 6276 контейнер орнатылмақ.  

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.