Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

21.07.2018, 12:54 Жаңалықтар / Мәдениет
АҚШ-тың атақты хореографтары Астанада шеберлік сыныптарын өткізеді

22 шілде мен 5 тамыз аралығында Астанада тұңғыш рет халықаралық  «CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» шеберлік сыныптары фестивалі өтеді. Шара ұйымдастырушылары – Америка Құрама Штаттарының Астанадағы елшілігі мен Қазақ Ұлттық хореография академиясы, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласында алғаш рет өтетін «CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» шеберлік сыныптары фестивалі Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан сияқты Орталық Азия елдерінің талантты бишілері мен хореографтарының басын біріктірмек.

Бірнеше ай бұрын ұйымдастырылған бейне-кастингтен өткен бишілер халықаралық деңгейдегі шараның қатысушылары атанды. Осылайша, Америка Құрама Штаттарының Астанадағы елшілігі бөлген гранттың арқасында 100 би шебері еш ақысыз сайысқа түседі. Олардың 50-і Қазақстан өңірлерінің, 30-ы Астананың және 20-сы Орталық Азия елдерінің намысын қорғайтын болады.

Фестиваль аясында, сондай-ақ, Пилкингтон Кэтрин, Бреанна Уиллиамс сынды АҚШ-тың әйгілі хореографтарының қатысуымен өтетін екі апталық шеберлік сыныптарының ұйымдастырылуы жоспарланған. Кәсіпқойлар қатысушылар үшін неоклассилық балеттен, контемпорариден, модреннен, импровизациядан, бродвейден, джаздан, хип-хоптан, сонымен қатар, биді суретке, бейнекамераға түсіруден, арт-менеджменттен скилл-аптар жүргізбек.

Бұдан бөлек, фестиваль қатысушылары негізгі американдық би формаларынөздерінің оқыту бағдарламаларына енгізу, маркетинг пен коммуникация саласына қатысты білімін арттыру, бүгінгі таңда кез келген бизнестің табысты жүзеге асуының маңызды маркетингтік бөлігін қалыптастырушы кино, фотосуреттер мен заманауи сандық өнерге арналған құралдармен танысу мүмкіндігін алады.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, екі аптаға созылатын шара мәдениаралық әрі кәсіби тәжірибе алмасу ісіне негіз болып, Орталық Азия аумағындағы неоклассикалық және заманауи хореографияның дамуына үлесін қоспақ.

Айта кетейік, алғашқы «CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» шеберлік сыныптары фестивалі салтанатты түрде 22 шілдеде Қазақ Ұлттық хореография академиясында ашылады. Мерекелік рәсімге ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанек Мұхамедиұлы қатысады деп күтілуде. 

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.