Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

10.08.2018, 17:51 Жаңалықтар / Мәдениет
Астанада Абай Құнанбайұлының 173 жыл толуына арналған музыкалық-поэтикалық кеш өтті

10 тамызда Абай ескерткішінің қасында (Абай көшесі мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысы) ұлы ақынның 173 жылдығына арналған «Абай - бүкіл халық пен бүкіл адамзат баласы» атты музыкалық-поэтикалық кеш өтті. Жиналғандар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап. 

Ұлы қазақ ойшылы мен ағартушысы Абай Құнанбайұлының ескерткіші Абай мен Бейбітшілік даңғылдарының қиылысында, қала тұрғындары мен қала қонақтары үшін сүйікті демалыс орны болып табылатын қала алаңының алдында орналасқан.

Ескерткіштің авторы - алматылық мүсінші Болат Досжанов. Автордың айтуынша, «ескерткішті жасау кезінде Абайдың ұлылығының, оның жоғары азаматтық ұстанымының, руханиятының, даналығының, сөздің мінсіз иеленуінің және оның жасаған әдебиетінің тереңдігінің әсері ерекше болды».

Белгілі мүсінші-монументалист, көптеген монументалды жұмыстардың авторы, соның ішінде Астанадағы белгілі ұлы Абай ескерткіші авторы  Б. Досжанов - Т.Жүргенов атындағы ҚазҰАУ «Академиялық сурет және графика» кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Суретшілер Ассоциациясының мүшесі. Мәскеудегі В.Суриков атындағы мемлекеттік институтты мүсінші-суретші мамандығы бойынша бітірді (1972-1984). 2007 жылы «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының «Үздік шығармашылық қызметі» медалімен марапатталған, 2013 жылы «Еуропалық алтын медалімен» марапатталды.

Абай шығармашылығы өткен және бүгінгі өмірдің көрінісі: оның сөздері өлмейтін, ал оның ұрпақтарына қалдырған мұрасы халықтың есінде мәңгіге қалады. Абайдың ілімінің сөздері жер шарының көптеген тілдеріне аударылған, бүгінгі күні де маңызды. Бүгінде бүкіл дүние қазақ даласының ұлы ақынының сөздерінің даналығы мен сұлулығын түсінеді. Олар әртүрлі жастағы және әртүрлі ұлт адамдарының жүрегінде, тілінде.

Үшінші жыл қатарынан Абай атамызға арналған шараға – біздің құрметті еңбек ардагерлері, Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ҚМУ өкілдері қатысуда. «Шарапат» қамқорлығындағы адамдардан Абайдың өлеңдері орындалды.

Абайдың шығармашылығы жас ұрпақтың рухын көтеріп, ағартушылыққа деген ұмтылысты, мәдениет арқылы білім беруді қолдайды. Астанадағы Оқушылар сарайының оқушылары бүгін Абай шығармашылығының ғажап әлеміне қайтадан енуге мүмкіндік алды. Абай атамыздың өлеңдері мен әндерін Астана қаласының «Оқушылар сарайы» қосымша білім беру мекемесінің оқушылары мен елімізге белгілі өнерпаздар орындаса, жас ақындар хакім Абайға арнаған өлеңдерін оқып, көрермендерге мерекелік шашу сыйлады.

«Сарыарқа» ауданының «Замандас» отбасылық-аула клубының ата-аналары балаларымен және де елорданың тұрғындары мен қонақтары көрермендер ретінде қатысып, мерекелік шараны тамашалады. 

Біздің мақсатымыз - мәдени дәстүрлерді, рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау және нығайту, ұрпақтардың рухани байланысы қалыптасуына мәдени мұраны сақтау. Сонымен бірге, біздің міндетіміз - елорданың тарихи-мәдени мұраларының ескерткіштерін және объектілерін сақтауды қамтамасыз ету, жас ұрпаққа, Астана тұрғындары мен қонақтарына мемориалдық кешендер мен ескерткіштердің тарихын жеткізу, олардың барлығына ұқыпты қарауды нығайту.

Сондай-ақ, оқушылар үшін Абай ескерткіші туралы қысқа экскурсия өтеді.

Шараны Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекция» МКҚК және Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ҚМУ ұйымдастырды.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.