Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

18.11.2013, 15:53 Баспасөз орталығы / Жаңалықтар
Астанада 1,5 мыңнан астам студентке арналған әлемдік деңгейдегі колледж ашылады

Келер жылы Астанада әлемдік деңгейдегі колледждің құрылысы басталады. Ол «Промышленный» тұрғын алабында орналасады. Бұл туралы astana.kz сайтына «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының баспасөз қызметінен хабарлады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана мен Алматыда әлемдік деңгейдегі 2 колледждің, сонымен қатар, Атырау, Өскемен, Екібастұз бен Шымкент  қалаларында 4 өңіраралық орталықтың құрылысы қолға алынбақ.

Елордада оқу орнының құрылысы 2014 жылы басталып, екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші нысан 2015 жылы қыркүйекте және екіншісі 2017 жылы маусым айында тапсырылады. Астанадағы ғимараттың аумағы 16,5 га құрайды.

Әлемдік деңгейдегі колледжде 6 кәсіби мектеп жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Туризм мен мейманхана ісі», «Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық», «Энергетика», «Инженерия», «Дизайн», «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар». Аталған бағыттар республикамыздың салаларын дамытудың болжалды жоспарына сәйкес және ең қажетті мамандықтарды анықтау мақсатында 200 астам кәсіпорынның арасында жүргізілген талдаудың негізінде таңдап алынды.

Колледжде техникалық салада негізгі тіл болып саналатын ағылшын тілінде 3 жыл бойы базалық техникалық мамандықтар бойынша 1530 студент білім алатын болады. Сонымен қатар, қажетті мамандықтар бойынша біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.

«Барша Қазақстан жастарының колледжде оқуын қамтамасыз етуге басымдық беріліп отырғандықтан ауыл жастарына, тұрмысы төмен отбасыларға және балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне 60% квота қарастырылған»,- деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Бұдан басқа, жатақхана құрылысына 40 мың шаршы м жер бөлінеді. Бұл республикамыздың шалғай жатқан аймақтарының студенттерін оқытуға, шәкіртақы төлеуге және тұрғынжаймен қамтуға мүмкіндік береді.

Студенттердің практикалық машықтарын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Осыған орай, 11,3 мың шаршы м, яғни колледждің жалпы аумағының 70% шеберханалар салынады. Олар қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталмақ. 

Аталған колледжді тәмамдаған студенттерге қазақстандық және шетелдік үлгідегі дипломдар беріледі. Бұл отандық колледждердің студенттерін шетелдік мамандармен бәсекеге қабілетті етеді.

Айта кетейік, «Кәсіпқор» холдингі» КАҚ ҚР Президентінің тапсырмасымен әлемдік деңгейдегі колледждер желісін құру үшін құрылған. Холдингтің мақсаты - көп функционалды жоғары білікті жұмыс кадрларын даярлаудың жаңа жүйесін қалыптастыру үшін техникалық және кәсіби білімді кең ауқымды жаңғырту болып табылады.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.