Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

Астана қаласының бас жоспары

20.01.2013, 16:58

Бас жоспар кез келген қала үшін үлкен маңызға ие. Былайша айтқанда, оның құжаты – қала құрылысының егжей-тегжейлі жоспарлануының, сәулет құрылыстары композициясының, жол айрықтар мен магистралдардың  негізгі құжаты. Бұлардың барлығы тиімді жоспарланса, мегаполисте өмір сүруге қолайлы жағдай жасайды.

Мемлекет басшысы 1994 жылы ҚР Парламенті қабырғасында жаңа Астана жайлы ойын білдіргеннен кейін, оның Бас жоспарын әзірлеу өте маңызды болды. Қала құрылысының негізгі құжаты ел астанасының болашақтағы тұрақты дамуы мен сапасын белгілейді. Осыған байланысты, Қазақстан Республикңасының Президенті ҚР Сәулетшілер одағы мен ҚР Құрылыс министрлігіне бас жоспарды дайындауға ашық республикалық байқау жариялауды тапсырды. Байқауға қатысуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 17 шығармашылық ұжым ниет білдірді. Сарапшылар «Ақмола-Алматы» ұранымен қатысқан сәулетшілердің тұжырымдамасын үздік деп бағалады. Екінші орынды қарағандылық ұжым иеленді.

Байқау қорытындысы бойынша Үкімет қаулысымен Бас жоспарды дайындаумен айналысатын сәулетшілер тобы тағайындалды. Топтың құрамында Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші Байыр Досмағамбетовтың жетекшілігімен Сәрсен  Жүнісов, Серік Рүстембеков, Тоқтар Ералиев, Қалдыбай Монтахаев, Сұлтан Баймағамбетов жұмыс істеді. Ақмола қаласының әкімі байқау жобасының негізінде шұғыл түрде және қысқа мерзімде 2005 жылға дейінгі бірінші кезектегі міндеттерді шешудің қала құрылысының құжаттарын дайындауды тапсырды, өйткені қаланы салу мен инфрақұрылымды орналастыру жөніндегі жоспарлар халықтың болжамды санына негізделеді. Сол кездегі есеп бойынша тұрғындар саны 350 мың адам болатын.

Сонымен, екі жыл ішінде астананың орталық бөлігі, «Шалқар» тұрғын ауданы (бұрынғы Оңтүстік-Шығыс), өнеркәсіп аймағы жобаланды, сондай-ақ, теміржол көлігін, жылумен, электрмен, газбен және сумен жабдықтау, телекоммуникация жүйелерін, қала аумағының дренажын дамыту жобасы дайындалды.

ҚР Президентінің ұсынысы бойынша бір жылдан кейін астананы ауыстырғаннан кейін халықаралық байқау ұйымдастырылды. Бұл жолы заманауи қала құрылысының соңғы жетістіктерін көрсететін, Астананың жаңа орталығын дамытудың Бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеуге жарияланды. Бұған жетекші өңірлік және әлемдік сәулет орталықтары қызығушылық білдірді. Байқауға Еуропа, Азия, Америка және Австралияның сәулетшілері, сондай-ақ ТМД мемлекеттері мен Қазақстанның шығармашылық ұжымдары қатысты.

Байқау шарттары бойынша барлық жобаларға техникалық сараптама жүргізу үшін, үкіметтік комиссия Қазақстанның, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің ең беделді сәулетшілерінен Сарапшылар кеңесін құрды. Онда жұмыс істеуге Нильс Холл (АҚШ), Евгений Розанов (Ресей), Бехруз Чиниджи (Түркия) және басқа да әйгілі сәулетшілер шақырылды. Қазылар алқасын Ресейге еңбегі сіңген сәулетші, Халықаралық сәулет академиясының корреспондент мүшесі Анатолий Виноградов басқарды. Олардың қарауына ұсынылған елуге тарта жұмыстан алдағы уақытта қарауға ең үздік 27 жоба таңдап алынды. Нәтижесінде әлемнің әйгілі сәулетшілерінің бірі Кисе Курокаваның тұжырымдамасы үздік деп танылды. Екінші орынды қазақстандық, үшінші орынды ресейлік сәулетшілер жеңіп алды.

Доктор Курокаваға өзі ұсынған қала құрылысы тұжырымдамасы негізінде Астананы дамытудың 2030 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын әзірлеу ұсынылды. Бұл тапсырыс Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі (ЖХЫА) мен ҚР Астананы дамыту корпорациясы арасындағы келісім аясында жапон үкіметінің грантына орындалды. Кисе Курокаваның басшылығындағы жобалық топ ұсынған эскиз-идеяны ҚР Үкіметі 2001 жылдың 15 тамызында бекітті. Шебер «симбиотикалық сәулет» атты қала құрылысының жаңа жобасын ұсынды. Оның Астананы салу жобасының ерекешлігі қала құрылысының қоршаған ортамен үйлесім табуында, ХХІ ғасырдың талаптарына толығымен сәйкесуінде.

Алайда, сәулетшінің туындысы қанша жерден керемет болғанымен, ол өз жобасында Астананың қарқынды дамитындығын ескермеген болуы керек. Көп уақыт өтпей-ақ оның Бас жоспарын түзету керек болды. Бұған себеп зерттеу тобының қала тіршілігінің нақты қажеттіліктерін, атап айтқанда, Қазақстанның экономикалық даму қарқыны мен астанада халық санының арту қарқынын болжауында қайшылықтар туындауы. Жалпы, ЖХЫА мамандарының есебі бойынша, 2010 жылы Астананың халқы 490 мыңға, ал 2030 жылы 800 мыңға жетуі тиіс болатын. Алайда, 2003 жылы тұрғындар саны 500 мыңнан асып жығылды. Бас жоспарды нақтылауға болжам есептерінің қателіктері себеп болғандығын ескере отырып, қажетті демографиялық зерттеулерді жүргізу және ғылыми-негізделген ұзақ мерзімді болжамды жасау отандық мамандандырылған ұйымдарға тапсырылды.

2005 жылдың қазан айында қазақстандық сәулетшілер арасында ҚМЭБИ зерттеу тобының есептеріне жүгіне отырып, Астананы салудың және жоспарлы құрылымын одан әрі дамытудың тұжырымдамасын әзірлеуге байқау өткізілді. Институттың болжамдары бойынша, 2030 жылы Астана тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға жетеді. Қазылар алқасы астананың периметрі бойынша мықты көлік-коммуникациялық эстакадасын (шеңберін) салуға негізделген жаңа идеяның тұжырымдамасын таңдады. Алайда, отандық сәулетшілердің көзқарастары бір арнаға тоғыспағандықтан, Мемлекет басшысы Бас жоспарды түзету жобасын әлем мойындаған сәулет шеберлерінің сараптамасына жіберуге тапсырма берді.

Францияның, Италияның, Малайзияның және Ресейдің халықаралық сарапшылары ұсынысқа теріс қорытынды берді және жобаны жүзеге асыру мүмкін емес деді. Астананың қала құрылысының нақты проблемалары мен жағдайларын толықтай білмейтін сәулетшілер арасында байқау өткізу нәтижесіз аяқталды. Сондықтан, заманауи шетелдік тәжірибе негізінде астананың құрылысын реттейтін құжаттарды әзірлейтін, сондай-ақ,  жаңа дәуірдің стандарттарына жауап беретін жобалаудың нормативтік базасын дайындайтын мамандандырылған ғылыми-зерттеу институтын құру шешімі қабылданды.

Биыл қазан айында, 2007 жылы ашылған Астана қаласының бас жоспарының ғылыми-зерттеу жобалау институты (ҒЗЖИ) ҚР Үкіметінің қарауына және бекітуіне Бас жоспарды түзетудің бірінші кезеңінің жобасын ұсынды. Қаланы орталық азиялық әкімшілік, іскерлік, ғылыми-білім беру, мәдени-спорттық, индустриалдық-инновациялық өңірлік орталық ретінде дамыту ұсынылды. Бұл үшін жаңа инфрақұрылымды орналастыру қажет, бұл басым бағыт болып табылады. Құжаттың маңызды принциптері арасында – астананың тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін, құрылыстың ықшамдылығы және кешенділігі қарастырылған.

Астана қоршаған орта мен ғимараттарды, жаңа мен ескіні, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіретін қала болмақ. Астананы Шығыс пен Батысқа бөлетін Есіл өзенінің жағалауын бойлай ағаш, гүл бақтары отырғызылады, өзеннен ескен салқын леп қала тіршілігіне әр береді. Автомагистральдер, үлкен көшелер және жаяужолдар көптеген алаңдармен және қала құрылысы тораптарымен түйіседі. Қаланың негізгі құрылымы сол жағалауда Сығанақ және Сарайшық даңғылдары арасында созылып жатқан жаңа әкімшілік орталық.

Тұрғын үйлер желілік аймақ нобайына сәйкес Есілдің қос жағалауында тізіліп жатыр, бұл болашақта мегаполис аумағының кедергісіз артуына мүмкіндік береді. Бас жоспар бойынша ірі көлік тораптарында 5 жоспарлау ауданын дамыту қарастырылған.  Сонымен бірге инженерлік және көлік желілерін дамытуға көңіл бөлінген. Тек 2009 жылдан бастап 2011 жылға дейін 23 жол айрығын, 2 көпір асты жолын, 4 көлік көпірін, жаяу жүргіншілердің 25 жерасты жолын салу, ұзындығы 26,7 шақырым жеңіл рельсті трамвайды пайдалануға беру жоспарланған.

Тұрғындарды ыңғайлы әрі үздіксіз сумен, жылумен және электр қуатымен жабдықтау үшін ЖЭО-2 қайта құру және кеңейту, ЖЭО-3 салу, жалпы ұзындығы 98 шақырымдық жаңа магистральдік және ауданаралық жылу желілерін салу және қолданыстағыларын қайта құру ескерілген. Бұған қоса, қаланың батыс, оңтүстік және шығыс бөліктерінде қуаты 220/110/10 кВ қосалқы 3 станса салу жоспарланған.

Тәулігіне 120 мың текше метр қуат өндіретін №3 сорғы-сүзгі стансасын, Қ.Сәтбаев арнасынан диаметрі 1200 мм және ұзындығы 90,7 шақырым су таратқышының бірінші кезегін салу, 168 шақырымдық магистралдық сумен жабдықтау желілерін салу және қайта құру жоспарланған.

Бас жоспарды іске асырудың үш жылға созылатын бірінші кезеңінде 30 мектеп, 60 балабақша және алдыңғы қатарлы медициналық жабдықтармен жабдықталған 32 денсаулық сақтау нысанын салынады. Қалада сәулет шеберлерінің жобасымен салынған бірегей сәулет ғимараттары бой көтереді. Жалпы, жоғары технология стилінің көшбасшысы, әйгілі британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша жер бетінен 382 метр биік, теңдессіз «Хан  Шатыр» сауда-ойын сауық кешені салынады.

Астананы дамытудың Бас жоспарын іске асырудың бірінші кезеңіне белгіленген, Астана қаласының құрылысы мен жоспарлы құрылымын дамытудың қысқаша негізгі бағыттары осындай. 

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.