Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

17.06.2015, 11:18 Жаңалықтар / Ел жүрегі - Астана!
Биыл Елорда күніне орай қалада 70 астам шара өтеді

6 шілдеде Елорда күнін мерекелеу аясында қала тұрғындары мен қонақтарын көптеген әсем де тамаша мәдени-сауықтық бағдарламалар күтуде.Биыл мерекеге орай қалада республикалық және халықаралық деңгейдегі 70 астам шара өтеді. Оларға 500 мыңнан астам адам тартылмақ.

Астана қаласы Мәдениет басқармасының хабарлауынша, елорданың 17 жылдығын мерекелеу - айтулы даталар негізінде өрбімек. Атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Ал Елорда күнінің басты тақырыбы - «Ел жүрегі – Астана!».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытының негізі - «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясын жүзеге асыруға ұмтылған және тәуелсіз елдің қалыптасқан астанасы туралы идеяны басшылыққа алған мемлекет - мерекенің лейтмотиві болмақ.

Елорда күніне арналған шаралар мен фестивельдар дәстүр бойынша алдын-ала басталады. Олардың қатарында ел өңірлерінен жас таланттарды анықтауға және қолдауға бағытталған «Аялаған, Астана!» жалпы республикалық телевизиялық балалар конкурсы, «Сахнадан сәлем!» халықаралық театр фестивалі және өзге де мәдени шаралар бар.

Елорда күнін ресми мерекелеу 4 шілдеде Мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімінен басталады.

«Astana Art fest» фестивалі суретшілерді, әртістерді, музыканттарды және көрермендерді біріктіреді. «Нұрлы Есіл» мультимедиялық-пиротехникалық шоуға көптеген көрермен жиналады деп күтілуде.

Дәстүрге айналған және жұрт көңілінен шыққан фестивалдар – «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелі өркениет фестивалі, «Астана Арқау» түркілік музыка, «Азия жаңғырығы» цирк өнері, «Өзен әуені» классикалық музыка, «Magic Astana» сиқыршылар өнері, өзге де концерттік және фестивалдік бағдарламалар ауқымдылығымен және ғажайып көріністерімен көрермендерді қуантады.

Қаланың ең үздік концерттік алаңдарында түрлі жанрдағы бағдарламаларымен отандық және шетелдік әртістер өнер көрсетеді. Көрермендерді джаз музыкасының «Summer Jazz Astana» фестивалі және «Il DIVO» классикалық квартеттің концерті, сондай-ақ классикалық орындаушылардың, әлемдік деңгейдегі ұжымдардың, Нұрлан Абдуллиннің шығырмашылық кеші күтіп тұр. «Көңілді Астана» сатира кеші және «Елорда кубогы» сарапқа салынатын Халықаралық әзіл фестивалі мерекелік көңіл-күйді көтере түседі. Онда Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның ең үздік көңілді, тапқырлар клубының командалары әзіл айтып, жарысады.

Бұдан өзге сауда жасауға әуестер үшін елорданың барлық сауда орталықтарында «17% жеңілдік» акциясы өткізіледі.

Елорда күні салауатты өмір салты мен спорт сүйер қауымға да қызықты болмақ. Олар үшін алғашқы халықаралық жекпе-жек түрлерінің фестивалі, үстел теннисінің марафоны, «Асық ату» ашық қалалық біріншілігі, жаппай велошеру, ММА ережесіз жекпе-жек турнирі, «Қазақстан барысы» республикалық турнирі, гольфтан Елорда кубогы турнирі өтеді.

Астана тұрғындары мен қонақтарын мерекелік шараларға мейлінше көп тарту мақсатында шараларды саябақтарда, гүлзарлар мен алаңдарда өткізу қарастырылған. «Astana park land» қала саябақтары фестивалі, «Аспаздар шеберлігі – сүйікті қалаға», «Астана аспаны» атты әуе шарлары мен батпырауықтар фестивалі, «Астана самалы» үрлемелі аспаптар, «International street dance session in Astana» көше билері, «Шаттық» балалар шығармашылығы», «Pop up shop Astana–2015», «Айналайын Астанам, асқақ әнім», «Сәлем, Астана», «Қайырлы кеш, Астана!» кешкі концерттік бағдарламалар және т.б. мәдени шаралар өткізіледі.

Елорда күніне арналған шаралар дәстүр бойынша салтанатты отшашумен аяқталады. Оны қаланың бірнеше бөлігінен, атап айтқанда Есіл өзенінің жағасынан, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы алаңынан және Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы саябақтан көруге болады.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.