Оқушылар сарайында қандай үйірмелер бар?

Оқушылар сарайында 12 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер келетін 125 үйірме жұмыс істейді. Көбі бір емес, бірнеше үйірмеге келеді. Астана қаласы әкімдігі ресми сайтының тілшісі балалар арасында Оқушылар сарайындағы қай үйірменің сұранысқа ие екендігін біліп қайтты.


Біз, ең  алдымен болашақ ұшқыштарға арналған «Жас ұшқыш» үйірмесіне ат басын тіредік. 

Бұл үйірме ұл балалар арасында өте танымал. Болашақ ұшқыштар бұл жерде ұшқыш болудың қыр-сыры, ұшақ туралы барлық ақпаратты біледі.

Сабақты кәсіби ұшқыш Бақтияр Сүлейманов жүргізеді.

«Бұл жерде болашақ ұшқыштар бас қосады. Мен оларға жоғары авиациялық оқу орнына түсу жолдары және ұшқыш, авиациялық-инженер мамандығын игеру жайлы айтамын. Мен 40 жылдан астам уақыт ұшқыш болдым. Қазір балалар радиодинамика негіздері, ұшақ және тікұшақ конструкциясы бойынша білімін жетілдіріп жатыр», - деді үйірме жетекшісі.

Біз барған келесі студия «Қыш өнері» деп аталады.


Аталған үйірменің негізгі мақсаты – оқушыларға мүсін және қыш түрлері мен жанрлар негізі туралы түсінік беру.


«Маған осы үйірмеге қатысқан ұнайды. Мен түрлі мүсіндерді жасағанды жақсы көремін. Мен үшін үй жасау қиынға соқты. Бірақ ол үлкен және әдемі болып шықты. Енді қолтырауын жасағым келеді», - деді үйірмеге қатысушы Абылай Ислам.

Қыш өнері үйірмесі балалар мен жасөспірімдердің бейнелі ойлау және нәзік эстетикалық талғамының дамуына ықпал етеді.


Оқушылар сарайы әдіскерлерінің айтуынша, мұндағы ең танымал үйірмелердің бірі – робототехника және 3D-модельдеу.


«Балаларға біздің үйірмелер ұнайды. Балалар тек роботтарды жасап қана қоймай, бағдарламаларды құруды үйренеді. Балалардың біріне мұндай қабілеттерді игеру оңай болса, біріне қиын. Негізінен балалар өздерінің қиялындағы кейіпті жасайды. Бұл үйірмеге 7-14 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз. Себебі олар көбіне компьютермен жұмыс жасайды. Олар өздері жасаған роботтармен түрлі ойын ойнайды. Ал  3D-моделдеуде балалар алдымен компьютердің көмегімен нысанның моделін салған соң арнайы принтерде шығарып алады», - дейді үйірме жетекшісі Бекарыс Ермаратұлы.

«Маған робот жасаған өте ұнайды. Бұл өте қызықты. Біз мұнда түрлі ойын ойнаймыз. Түрлі роботтар жасаймыз. Бірі үлкен, бірі кішкентай. Болашақта футболшы робот жасағым келеді», - дейді үйірмеге қатысушы Әбілмәнсүр Дүйсенбай. 

Сонымен қатар, Оқушылар сарайында спорттық-сауықтыру үйірмелері де бар. Біз жас дзюдоистер дайындық жасап жатқан залды да көріп қайттық.

«Бізде шамамен 200 бала дайындалады. Үйірмеге балаларды 6 жастан 18 жасқа дейін қабылдаймыз. Республикалық жарыстарда жүлделі орын алып жүрген шәкірттеріміз бар. Біздің мақсат болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеу», - деді жаттықтырушы Бақытжол Бекерұлы.

Оқушылар сарайы ашылған жеті жыл ішінде балалар көп жетістікке жетті. Оқушылар сарайы көптеген балаларға болашақ мамандығын таңдауға бағдар берді десек, қате емес.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz