Қар күні: балалар қуанышы

World Snow Day қысқы фестиваліне 170-тен астам жас шаңғышы қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Халықаралық шаңғы федерациясының қолдауымен қаңтар айының соңғы жексенбісінде Дүниежүзілік қар күні аталып өтіледі. Мереке әлемнің 40-тан астам елінде аталып өтеді. Қазақстан осы қозғалысқа 2012 жылы қосылған болатын. Астанада қар күні 2013 жылдан атап өтіледі. Фестивальді Шаңғы жарыстары ұлттық федерациясы қалалық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен өткізді.

Шара мақсаты - балаларды қысқы спорт түрлеріне баулу.

«Шаңғы жарыстары ұлттық федерациясының осы жарысқа арналған арнайы ұраны да бар. «Балаларға қар көрсет!». Біз балаларға қыс тек суық емес,  табиғаттың тамаша жыл мезгілдерінің бірі екендігін көрсеткіміз келеді. Біз балаларды қысқы спорт түріне, салауатты өмір салтына, қоршаған ортаны қорғауға үйретеміз. Біз әкімдікпен бірлесіп, денсаулығы мықты, спортты сүйетін ұрпақ тәрбиелегіміз келеді», - дейді ҚР Шаңғы жарыстары ұлттық федерациясының өкілі Самал Наурызова.


Астанада Қар күніне орайластырылған шара Ботаникалық бақ аумағында өтті. Бағдарлама барысында 3-тен 18 жасқа дейінгі балалар арасында шаңғы жарысы, көңілді старттар, балалар байқаулары және ойын-сауықтар ұйымдастырылды. Ең кішкентай қатысушылар шаңғымен жүз метр жүгіріп өтті. 5-7 жас аралығындағы балалар 1 км қашықтықты, 8 ден 12 жасқа дейін - 2 шақырымды бағындырды. 10-13 жасқа дейінгі шаңғышылар кедергілермен, ал ересектер қатардан қалмау жарысына қатысты.

Қатысушылардың көбісі үшін Қар күні – отбасылық мереке. 

Мысалы, кішкентай қатысушылардың екі тобында «алтынды» 4 жастағы Марк пен 6 жастағы Влас Герасименколар жеңіп алды. Ағайындылардың отбасында 4 бала бар, олардың барлығы да шаңғы спортымен айналысады.

«Негізінен біздің балаларымыз тенниспен шұғылданады, шаңғы спортын да ұнатады. Жолдасым теннистен тренер, шаңғымен де айналысады. Ол балалармен күн сайын Астаналық саябақта шаңғы тебеді», - дейді балалардың анасы Наталья Герасименко.

Жарыстың ең кішкентай қатысушысы Маргарита Лазутина 3 жаста. Бірақ ол үшін бұл – үшінші Қар күні және үшінші жарыс.

«Алғаш рет аталмыш сайысқа ол еміздік еміп жүріп қатысқан. Барлығы қызықтап, оны фотоға түсірген болатын», - дейді анасы Нелля Лазутина.


Балаларды спортқа баулудың ең сенімді тәсілі –  өзгеге үлгі көрсету. Он жастағы Айгерім Хамит анасымен бірге  өткен жылдан бері шаңғы тебе бастаған.

«Маған спорттың барлық түрі ұнайды, мен каратэмен шұғылданамын. Маған қар ұнайды. Қыста өте әдемі. Мен үшін жеңіске жету емес, қатысу, шаңғы тебу қызықты», - дейді Айгерім.

«Мен шаңғыны 4 сыныпта тебе бастадым. Қазір де тебемін, жарыстарға қатысамын. Біз саябақта өзіміз дайындаламыз, ал мына жолға алғаш рет келдік» - дейді Айгерімнің анасы Жұлдыз Сейдахметова.  


Бұл күні барлық келушілер шаңғы, сондай-ақ «банан» мен тюбингте сырғанай алды.  Фестиваль шеңберінде балалар эстафеталары мен конкурстар ұйымдастырылды, алып қуыршақтар қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, дипломдар, сыйлықтар табысталды. Мерекеге келген барлық қатысушылар жақсы көңіл-күймен қайтты.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz