Спортпен шұғылдансаң...

Бүгін Паралимпиялық жаттығу орталығының қабырғасында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Қазіргі кезде мүгедектігі бар жандарға арналған спорт мектебінде арбамен би билеу, отырып волейбол ойнау, грек-рим күресі, еркін күрес, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, жүзу, пауэрлифтинг, үстел теннисі, футбол, таеквондо, асық ату, дзюдо, бочча және голбол сияқты спорттың 17 түрі дамытылуда. Жүзушілер мен жеңіл атлеттерден басқа спортшылар Паралимпиялық жаттығу орталығында дайындалады. Жүзушілер мен жеңілатлеттер «Алатау» спорт кешенінде жаттығады.


«Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға көп көңіл бөледі. «Қазақстан жолы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарға баса назар аудару қажет екендігін ерекше атап өтті.  Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана қаласының әкімдігі мүгедек спортшыларға республикалық және халықаралық жарыстарда елорданың және еліміздің намысын қорғауына мүмкіндік беру мақсатында жаттығуға жағдай жасау шараларын қолға алды», - деді мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Орталық қажетті күштік, кардио тренажерлармен, волейбол ойнауға, арбада отырып би билеуге, жекпе-жектермен, үстел теннисімен және мүгедектігі бар адам үшін жан саулығы мен тән саулығы үшін басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған залдармен жабдықталған. Сонымен қатар, мұнда оқу аймағы, шахмат сияқты үстел ойындарын ойнау аймағы да ұйымдастырылған.


Бұл мүгедектігі бар адамдарға демалысын Паралимпиадалық орталықта ниеттестердің ортасында өткізуге мүмкіндік береді. Залда 45 тренажер орнатылған.


 «Спортпен шұғылдануды бала кезімнен сүйемін. Ал арбада отырып билеумен 2008 жылдан айналысамын. Маған би ұнайды, жүлделі орындарда алып жүрмін. Мен өзім сияқты жандарға «Ешқашан жоқ демеңіздер!» дегім келеді. Әрқашан жақсы ой ойлап, бәрі жақсы болады деу керек. Саған өмір берілген екен, оны туындаған жағдай мен мәселелерге қарамастан қуанышпен өткізу  керек», - дейді арбада отырып би билеу спортының жүлдегері Ардақ Отарбаев.  


Тағы да бір айта кетерлік жайт, 1 қаңтардан бастап  Астана тұрғындары жасы мен мүгедектігінің тобына қарамастан Паралимпиадалық жаттығу орталығында тегін жаттыға алады. Бұл үшін мүгедектігі бар екендігін растайтын анықтама, мекен-жай анықтамасы және жеке куәлік болса жеткілікті. Орталық Ақшоқы көшесі, 2 мекен-жайы бойынша орналасқан. Ол сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. 


Біздің міндетіміз – мұндай мекеменің бар екендігі туралы мүмкіндігі шектеулі жандарды барынша хабардар ету. Барлық тұрғынға спортпен шұғылдануды қол жетімді болса, болашақта жастар біздің елдің намысын әлемдік додаларда қорғайтын болады. Біздің орталық пен мамандарымыз осыған қол жеткізе аламыз деп сенемін» - деді басқарма басшысы.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz