Инклюзивті білім беру: сүйіспеншілік пен қамқорлық сабағы

Инклюзивті білім беру – бұл мүмкіндігі шектеулі және шектеуі жоқ балаларды біріктіріп оқыту және тәрбиелеу. Алайда білім мен шеберліктен өзге ерекше қажеттіліктері бар балалар мұндай жүйенің арқасында сәтті әлеуметтену мүмкіндігіне ие болса, ал басқалары қамқорлық пен сүйіспеншілікті танытуды үйренеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.



Елордадағы ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға арналған №64 «Асыл бөбек» арнайы балабақшасын мектепке дейінгі жастағы балалар арасында инклюзивті білім берудің флагманына теңеуге болады. Балабақша 2012 жылдың қаңтарында «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылды. Мұнда тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған қазақ және орыс тілінде оқытатын топтар, БЦП, сөйлеу қабілеті бұзылған және психикалық дамуы тежелген балаларға арналған топтар жұмыс істейді.


Түзету-дамыту мен тәрбиелеу, емдеу-сауықтыру мен қалпына келтіру жұмыстарын балабақшаның үйлесімді командасы жүргізеді. Балалар ағылшын, қазақ және орыс тілдерін үйреніп, музыка тыңдайды, ән айтады, дене шынықтырумен айналысады, педагог-психологпен, логопедпен, дефектологпен жұмыс істейді.

Мұнда балалар ойнайтын, қарым-қатынас жасауға, сонымен қатар қорқыныш, сенімсіздік және жалғыздық сынды сезімдерден арылуға көмектесетін дамытушы орта құрылған.


Балабақша педагогтарының жоғары кәсібилігін олардың тәрбиеленушілерінің жоғары жетістіктері дәлелдейді. Олардың бірі – Дәулеткелді Дінмұхамбет. Жақында Димаш Мұқағали Мақатаевқа арналған халықаралық балалар шығармашылығының ән-би байқауында жеңімпаз атанды.


«Біздің Дінмұхамбет – ерекше. Ол қиын жолдардан қиналмай өтті. Үш жыл бұрын балабақшаға келген кезде өздігінен жүре алмайтын. Оған БЦП, спастикалық диплегия диагнозы қойылған. Біздің педагогтар, ЕДШ нұсқаушылары, психологтар, логопедтер, Монтессори педагогикасы бойынша мамандар Димаштың дамуына көп еңбек сіңірді. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлейді», – дейді «Асыл Бөбек» арнайы балабақшасының меңгерушісі Жанар Мұқашева.

Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға логоритмика өте жақсы көмектеседі. Мұндай тәжірибе №2 «Батыр» балабақшасында белсенді қолданылады. Сонымен қатар, мұнда балалардың жеке қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған театрландырылған ойындар өткізіледі.


«Театр ойын қызметі балаларды жаңа әсерлермен, біліммен және шеберлікпен байытады, әдебиет пен театрға деген қызығушылықты дамытады, диалогтік, эмоционалды-мазмұнды сөйлеуді қалыптастырады, сөздік қорын байытады, әр баланың адамгершілік-этикалық тәрбиесіне ықпал етеді. Әсіресе, ұяң және жасқаншақ балаларды ашады», – дейді №2 «Батыр» балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Илиясова.

№80 «Ботақан» балабақшасы зияткерлік-танымдық бағыттағы кластерлер жұмысы бойынша жетекші балабақша болып табылады. Балабақшада құм терапиясы, Smart table және логика кабинеттері, сондай-ақ шағын зертхана бар.

Атап айтқанда, «шағын зертхана» кабинеті – бұл балалар өз бетінше зерттеу жұмыстарымен айналысатын орын. Бұл жерде зерттей және эксперимент жасай отырып, балалар педагогтармен бірлесіп, Реджио-Эмилия қызметінің тәжірибесін пайдалана отырып, өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауап табады.


«Smart table және логика» кабинетінде Interactive Table Group интерактивті үстелі дидактикалық құрал ретінде пайдаланылады. Ол мектепке дейінгі жастағы балалар үшін әзірленген және оларға интерактивті тапсырмаларды бірлесіп орындауға және оқыту-дамыту ойындарына, оның ішінде жобалау-зерттеу іс-әрекеті процесіне қатысуға мүмкіндік береді. Smart-үстелді қолдану арқылы балалардың оқуға деген ынтасын арттыруға болады.


Балабақшада «құммен сурет салу» үйірмесі жұмыс істейді. Педагогтар: «Мұндай сабақтар қолдың ұсақ моторикасын, балалардың қиялын, шығармашылық және көркемдік, кеңістікте бағдарды табу қабілеттерін, сондай-ақ олардың ынтасы мен назарын дамытуға мүмкіндік береді», – дейді.



Сонымен қатар, балабақшада балаларды жан-жақты дамыту мақсатында хореография үйірмесі ұйымдастырылған. Мұнда балалар би билеуді үйреніп қана қоймай, сонымен қатар музыканы сезініп, өз эмоцияларын би арқылы жеткізе алады. Хореографиямен айналысатын балалар бірнеше рет қалалық және халықаралық би байқауларында жүлдегерлер де атаныпты.




№26 «Үміт» балабақшасының тәрбиешілері балаларға поэзияның сиқырлы әлемін ашуға ұмтылып, тәрбиеленушілерді қазақ ақындарының шығармашылығымен таныстырады. «Қазақстандықтардың рухани өмірінде Абай Құнанбаевтың поэзиясы маңызды орын алады. Оның өлеңдері мен әндерін аға буын ғана емес, кейінгі толқын жылы қабылдайды. Оның шығармалары халыққа, туған жеріне, тарихына, салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікке толы.

Театрландырылған қойылым немесе ойын кезінде балалар Абай шығармашылығын қуана-қуана әңгімелейді. Ұрпақтан ұрпаққа, атадан әкесіне, әкесінен ұлына, ұлынан баласына насихатталып келе жатқан Ыбырай Алтынсариннің шығармалары да өте ұнайды. Біздің тәрбиеленушілеріміз мәнерлеп оқу байқауларына үнемі қатысады. Біз олардың жетістіктерін мақтан тұтамыз», – дейді №26 «Үміт» балабақшасының меңгерушісі Зинаида Сажнова.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz