Аудандық әкімдіктер көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелерін қалай шешуде?

Астана аудандарының әкімдіктері әлеуметтік осал топтардың қатарындағы отбасылардың шағымдарын қарастырып, көмек тетіктерін пысықтауда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Байқоңыр ауданында азаматтардың үйлерін аралау және оларды қабылдау шараларының нәтижесінде 217 аз қамтылған отбасы анықталды, олардың 133-і – көпбалалы отбасылар (80 отбасы көппәтерлі тұрғын үйлерде, 53-і жеке секторда тұрады).


Байқоңыр ауданы әкімдігінің жұмыс комиссиясы 8-17 ақпан аралығында ұйымдастырған кездесулерде 214 өтініш берушіні әртүрлі сипаттағы сұрақтар толғандырған. Мәселелер негізінен тұрғын үй (204) алу тәртібі, әлеуметтік төлемдер (118) және оларды ұлғайту (69), сондай-ақ қалада тіркелу, балабақшаға орналастырылу, азық-түлікпен, көмірмен, киім-кешектермен қамтылу сияқты бағыттарды қамтиды.


Бүгінгі таңда медициналық қызмет көрсету мәселелері шешіліп , 27 мекенжай бойынша тамақ өнімдері, көмір (сегіз отбасына-25 тонна) жеткізілді, алты отбасының балалары балабақшаға орналастырылды, 16 отбасының мүшелеріне (96 адам) балалар және ересектерге арналған киімдер таратылды, үш отбасының тұрғын үйді жалға алуына қаржылай көмек көрсетілді. Ауданның барлық мектептерінің әлеуметтік педагогтарына көмекке мұқтаж балалардың тізімі берілді, спорт үйірмелеріне балаларды қабылдауға қатысты аула клубтарымен келіссөздер жүргізілді.


Қалған отбасыларға азық-түлік өнімдерін жеткізу жалғасуда, тіркеу мәселелері бойынша 29 отбасының тізімі Байқоңыр АІІБ-ға жіберілді. 

Сонымен қатар, ауданда 4 398 жеке үй орналасқан, оның 2 277-сі – пешпен жылытылатын уақытша үй құрылысы, бұл жеке құрылыстардың жалпы санының 51,8%-ын құрайды.

Аудан әкімдігінің қызметкерлері аудандық ТЖБ-мен бірлесіп, 1048 жекеменшік құрылысты аралап, өртке қарсы дабылы бар 70 датчигін орнатты. Ұлттық сараптама орталығының филиалымен жасалған меморандум аясында аудандағы 30 жеке үйдің түтін құбыры желілерін ақысыз тазалау жұмыстары жоспарланған.



Есіл ауданы бойынша ТЖД мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 5-17 ақпан аралығында Үркер, Пригородный, Тельман, Заречный және 23 бау-бақша қоғамын аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы жөніндегі жадынамаларды таратты.  

2925 үйді аралап, олардың аумақтарында адамдардың тұруына арналған 690 уақытша құрылыс анықталды. Тексерілген үйлерде 4580 адам тұратыны анықталды. 166 мекенжай бойынша көпбалалы отбасылар тұрады екен.


Тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 532 фактісі анықталды. Оларды реттеу бойынша жұмыстар басталды: 15 мекенжай бойынша пештерді сазбен жағу (жөндеу) және түтін жолдарын тазалау жұмыстары жүргізілді. Есіл ауданының әкімдігі 50 улы газ датчиктерін сатып алды.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелерін талқылау және түсіндіру үшін аудан әкімдігі жанынан үш мобильді топ құрылды.


9-10 ақпан аралығында жұмыс тобы қосымша 38 көпбалалы ананы қабылдады. 14-16 ақпан аралығында қабылдауға 136 адам келген болатын. Оның екеуі – зейнеткер, 12-сі – жалғызбасты ана, екеуі –  мүгедек бала және 120-сы – көпбалалы отбасылардың мүшелері. Негізінен, азаматтарды тұрғын үй алу, әлеуметтік көмір алу, жәрдемақы мөлшерін арттыру, мектептерде тегін тамақтандыру, балаларға арналған жеңілдікті жол жүру билеттері, тіркеу, жұмысқа орналастыру, балабақшаларға орналастыру, тұрғын үй алуға материалдық көмек көрсету мәселелері  алаңдатады.

Есіл ауданында азаматтарды қабылдаумен қатар көпбалалы отбасыларға қаржылай-материалдық көмек көрсетіледі.

«Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымының мүшелері мұқтаждарға көмек көрсетті. Олар 11 отбасыға 3 тонна көмір , 31 отбасыға «әлеуметтік себеттер», 20 отбасыға кеңсе керек-жарақтарын таратты. 15 отбасыға ет берілсе, төрт отбасы жылы киіммен қамтылды.  


Сарыарқа ауданы әкімдігінде тұрғындарды қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауда 370 адам болды. Іс-шараға 11 мүдделі мемлекеттік органның өкілдері қатысты.

«16 ақпандағы мәлімет бойынша, 28 отбасыға көмір жеткізілсе, 67 отбасы азық-түлік себетімен қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», – деп хабарлады Сарыарқа ауданы әкімдігінде.

Алматы ауданында Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында 2176 жеке үй құрылысы, тұрғын үй алаптары мен саяжай учаскелерінде аулаларды аралау ұйымдастырылды. 474 уақытша тұрғын үй  және 75 көпбалалы отбасы анықталды.

«Күн сайын кедейлік шегінен төмен тұратын отбасыларды анықтау үшін тексерулер жүргізіледі. Келіп түскен мәліметтер негізінде 500-ден астам отбасыға азық-түлікпен көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Бизнестің 20-дан астам өкілі материалдық көмек көрсетуге дайын екендігін растады, 13-18 ақпан аралығында 155 мұқтаж отбасыға 2 млн 185 мың теңгеден астам сомаға азық-түлік жиынтығы жеткізілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады», – деп мәлімдеді Алматы ауданының әкімдігінде.

Сонымен қатар, көмекке мұқтаж отбасыларға көмірді жеткізу, олардың үйлеріндегі пештер мен мұржаларды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жұмысқа орналастыру, балаларды балабақшаға орналастыру, медициналық көмек мәселелері шешілуде.

«Нұрәлем» қоғамдық қоры арқылы тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 129 бала киіммен қамтамасыз етілді.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz