Дені саудың жаны сау

Көтеріңкі көңіл-күй мен ширақ қимыл кез келген ауруды жеңуге көмектеседі. Осы ұстанымды №5 емханадағы Денсаулық клубы жақсы біледі. Астана қаласы әкімдігі ресми сайтының тілшісі осы клубтың мүшелерімен тілдесіп қайтты.

Бұл клуб бесінші жыл жұмыс істеп жатыр. Алғашқыда «диабеттер мектебі» ретінде ашылған клубты келушілер «өмір мектебі» деп ауыстырған. Бұдан кейін клуб диабет ауруына шалдыққан жандарды қабылдай бастады. Ал қазір ол «Қарттар денсаулық клубы» деп аталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда жастар да келеді. Бірақ, олардың ортасы болмаған соң, көп келе қоймайды. Бұл жерге 45 жастан асқан адамдар келеді. Келушілердің ең ересегі 94 жаста.



«Егде жасқа жеткен жандар үшін тек қант диабеті ғана қауіпті емес, олардың басын басқа да ортақ мәселелер біріктіреді: қан қысымы, буынның сырқырауы дегендей. Әңгімелесетін жанның болмауы да бәріне ортақ мәселе. Осы жерде біздің денсаулық клубы көмекке келеді», – дейді №5 емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина.

Емхананың әлеуметтік қызметкері Альфия Есмұханова он жыл бойы клубқа жетекшілік етеді.

«Адамға алғаш рет «диабет» диагнозын қойғанда, ол шошып кетеді. Енді не  болатынын, өмір сүру, күнделікті өмір салтын қалай ауыстыру керектігін білмей дал болады. Ал біздің клубта оларға өзі сияқты жандар, ары қарай қалай өмір сүру, нені істеу, нені істемеу керектігіне қатысты ақыл-кеңес береді, бір-бірін қолдап өмір сүреді, дәрігермен ақылдасып отырады. Мысалы, ішіндегі сырын жай ғана сыртқа шығарып әңгімелесуге болады», – дейді Альфия Әлкеқызы. Клуб мүшелері аптасына бір рет жиналады.

Бізді әйелдер қауымы қарсы алды. Айтуларынша, мұнда ер азаматтар да келеді екен. Бірақ, олардың қатары сирек.


Гимнастикалық залға ұқсайтын бөлме тренажерлермен және әр түрлі спорттық снарядтармен жабдықталған. Келушілер гимнастикалық шарға немесе жерге отырады. Бұл жерге келетіндердің көңіл-күйі расымен де көтеріңкі.

«Мен «диабет» диагнозымен осы клубқа шамамен 10 жыл бұрын келдім. Әрине, қорқыныш болды. Әдетте диабетпен ауырған адамның көзі көрмей, аяғы жүрмей қалады дейді ғой. Мысалы, менің құрбымның жолдасы диабетпен ауырып, оның аяғын кесті. Бірақ маған осы жерде өте жақсы көмек берді. Біз мұнда өзімізге көп дос таптық, туыстай болып кеттік. Туған күнді, Жаңа жылды бірге атап өтеміз. Немерелі болсақ, оны да  бірге тойлаймыз. Бір-бірімізге қонаққа барамыз», – дейді Идалия Салихова.

«Бұл жердегі басты мақсат – денсаулықты нығайту. Сабақ біздің  нұсқаушының қадағалауымен ЕДШ – емдік дене шынықтырудан басталады. Одан кейін теориялық сабақ өтеді. Бізге эндокринолог және кардиолог, терапевт дәрігерлері кеңес береді. Психолог тренинг өткізеді. Ресми емес іс-шараларымыз да бар. Ол – мәдени, мерекелік кештер», – дейді профилактика бөлімшесінің меңгерушісі Бағдат Байдалина.

Сабақтың ұзақтығы аптасына тек бір сағатты ғана құрайды. Бірақ, клуб сырқат жандардың өмірінде ерекше орынға ие. Одан бөлек скандинавиялық жүру бар, ол әр дүйсенбінің таңында өтеді. Жүрудің бұл түрімен тек клуб мүшелері ғана емес, қатысамын деушілердің барлығы үшін ашық. Оған емхананың емделушілері, қызметкерлері де қатысады.

Клубтағы барлық сабақ тегін. Көбі клуб ашылғалы осында келеді. Бұрыннан келіп жүргендер жаңадан келгендерге ақыл-кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісіп, өздері еріктілер қызметін атқарады.

Бастысы клубтың сырқат жандардың денсаулығына қалай әсер етуінде. Клуб мүшелері өз ойымен бөлісті.

«Мен қант диабеті бойынша екінші топ мүгедегімін. Менің қанымда қант өте жоғары мөлшерде болды, тамырларым бекітілген. Күніне 5-6 рет инсулин салатынмын. Жүрегіме стент қойды. Тез арада салмақ тастауым керек болды. 2017 жылдың желтоқсан айында салмағым 107 кг болды. Клубқа келіп, бассейнге бардым, күнде денемді ширататын болдым, дұрыс тамақтануға көштім. 20 келі салмақ тастадым, денсаулығым бірден жақсарды. Қазір инсулинді күніне бір рет аламын және дәріні де күніне бір рет ішемін. Осы клубқа шамамен 10 жыл келіп жүрмін. Жағалау ауданында тұрсам да, емханамды ауыстырғым келмейді», – Роза Кокушева.  

«Жасым 72-де. Үш рет инфаркт алдым. Дәрігерлердің және осы клубтың арқасында өзімді жақсы сезінемін. Мен өте белсендімін, барлық жерге барамын. Тоқығанды жақсы көремін. Тоқу клубына барамын. Ауруханада жатпаймын, бірақ дәрі ішемін. Диабетпен күрес күнінде ерікті ретінде диплом алдым», – дейді Мария Платицына.



Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz