Әр қонақ – ырыс

Наурыз қарсаңында Астана тұрғыны Гаухар Елембаева мерекелік дастархан жайып, елорда әкімдігі ресми сайтының тілшілерін қонаққа шақырды. Әңгіме барысында от анасы қазақтың ұлттық тағамдарын дайындаудың кейбір құпияларымен бөлісті. Олардың арасында мейрамның бас тағамы – наурыз көженің рецепті де жоқ емес.

Қазақ халқы өзінің қонақжайлылығымен ерекшеленеді. Әр үй иесі өз қонағына дайындаған ұлттық тағамдар арқылы сый, құрмет көрсетуді өз міндеті деп біледі. Ұлттық тағамдарымыздың құрамының негізін ет құрайтындығы баршаға мәлім. Қазақ халқы тағамның қай-қайсына да етті молынан салады ғой.

...Гаухар таңның атысынан жүгіріп жүр. Ерте тұрған ол нан илеп, бауырсақ әзірлепті. Сондай-ақ, қонақтарына арналған салаттары да, наурыз көжесі дайын. Ал енді басты тағам – етті әзірлеу керек. Оны ұсынудың бірнеше түрі бар. Бүгінгі қонақтарына Гаухар «Сый табақты» тартпақ. Оны тартудың ерекшелігі сол – әр қонаққа өзіне тиесілі жілік беріледі.


«Сый табақ» дәрежесі бойынша «Бас табақтан» кейінгі орында. Біз бүгін жұбайым екеуміз өз достарымызды, құрбы-құрдастарымызды, көрші-қолаңды қонаққа шақырдық. Араласып-құраласып жүрген уақыт ішінде бір-бірімізге бауыр басып, аға-қарындастардай болып кеттік. Біріміздің жасымыз үлкен, біріміздікі кіші. Сол себепті бүгін қонақтарыма «сый табақ» тартамын. Әдеп-ғұрпымыз бойынша жамбасты, асықты жілікті, сүбені, төсті астым. Жамбаспен бірге табаққа жауырын, бауыр және де шұжық, қазы міндетті түрде салынуы керек. Бұл еттің бәрі – біздің соғым. Бүгінге дейін жақсы сүрленіп те үлгерген», – дейді от анасы Гаухар.  


Бұл табақтағы төс «күйеубаласы», жамбас «інісі», асықты жілік «апалары» үшін арнайы асылған.

Міне, Гаухар мен от ағасы Асылханның қонақтары да келді. Наурыз – Жаңа жылдың басталғандығының ғана емес, қыстың ауыр күндеріне төзу, қиын кезеңге қарсы тұрудың белгісі. Бір-бірін ұзақ қыстан кейін көргенде қазақ халқы ең алдымен мал-жанның амандығын сұрайды, құшақтасады.

Қонақтар кәде-сыйсыз келмепті. Әркімнің қолында үй иелеріне арналған сыйлықтары бар. Салт-дәстүрімізге сай, есіктің табалдырығын аттаған жас келіншек шашуын шашты.


«Шашу – қуаныш айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүр. Мереке, той кезінде қуаныш иелеріне кәмпиттен не теңгеден шашу шашады. Балалар шашылған тәттілерді мен тиындарды қуана-қуана тереді. Біз шашудан тиген тәттілердің сәттілік сыйлайтындығына сенеміз», – дейді қонақтардың бірі Елерке.


Қонақтардың барлығы келген екен, ендеше ысылған нанды қайнап жатқан еттің сорпасына салайық. Шамалы кептірілген нанды 3-5 минут пісіру қажет. Осы тұста тұздық та әзірленеді.


«Сіздерге етті асудың кейбір құпияларын айтып берейін. Нан езіліп кетпес үшін оған суық су құйылады, кейбір келіншектер сорпаға мұз қосып жатады. Бұны халқымыз «Томыртқалау» деп атаса керек. Ал нан табаққа жабысып қалмас үшін ыдысқа ең алдымен тұздықты құйған дұрыс. Айтпақшы, мен тұздыққа сәбізді де қосамын. Меніңше ол тағамға тәтті дәм беретін сияқты», – деп бөлісті аспаздық құпияларымен Гаухар.  


Наурыз көжені Гаухар өз анасы үйреткен рецепт бойынша әзірлейді екен.


«Мен дайындайтын наурыз көженің құрамында судан және тұздан бөлек, сүрленген қазы, күріш, қарақұмық, жүгері мен ұн бар. Осының барлығын жақсылап араластырып, бір қайнатып алғаннан кейін сусыныма құрт қосып пісіремін. Осылайша оның дәмі шыға түседі. Негізі, наурыз көжені қолда бар өнімдерден дайындауға болады. Менің анам осылай істейтін», – дейді от анасы.

Гаухар жыл сайын 19 немесе 20 наурызда әріптестеріне өзі дайындаған мерекелік сусыннан дәм татқызады екен. Мұнысының дәстүрге айналғанына да бірнеше жылдың жүзі болып қалыпты.

«Әдетте наурыз көжені мен үлкен ыдыста пісіремін. Наурыз мейрамының қарсаңында жыл сайын өз әріптестеріме наурыз көже мен бауырсақ дайындап апарамын. Мектепте де мен әзірлейтін наурыз көжені жақсы көреді. Балаларымның сыныптастары да жыл сайын менің көжемнен дәм татады», – дейді Жансая мен Алматтың анасы.



Ел аузында «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөз бар. Бұрынғы заманда домбыраның құлағында ойнамайтын қыз-жігіттер жоқ еді. Қазіргі таңда бұл – сирек кездесетін дүние. Алайда біз бүгін танысқан азаматтардың барлығы дерлік ән-жырға жақын жандар десе де болады. Біз Гаухардан аспаздық шеберлік сабағын алып жатқанда төр үйден шыққан домбыраның сүймелдеуіндегі таныс әуендерді құлағымыз шалып қалды. Бұл «қазақ вальсінің королі» Шәмшінің әндері еді.


Гаухар да достарын домбырамен шырқаған әніне тәнті етті.

Қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына деген құрмет Гаухардың бойына ана сүтімен сіңген. Енді ол өзінің бар білгенін 12 жасар қызы Жансаяға үйретуде.

«Анам үйге кірген әр қонақпен ырыс келетінін айтатын. Анамның берген тәрбиесін өз қызыма да беруге тырысамын. Балаларымды еңбексүйгіштікке баулимын. Қыз деген қонақ қой. Бір күні ол да қияға қонып, келін атанатын уақыт та жетеді. Сондықтан оған білгенімді қазірден үйреткенді дұрыс деп санаймын»,  – деді біздің кейіпкеріміз.  


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz