Нұрәлі Сарбақыш төрт шетелдік оқу орнының грантын жеңіп алған

Білім Қазіргі кезде еліміздің білімді жастары шетелде оқуға, білім алуға құштар және талапты. Солардың біразы өз арманын орындауға қолда жеткізіп те жатыр. Олардың қатарында алыс-жақын шет мемлекеттерде оқып жүрген жастарымыз да бар. Жас та болса сондай талапты, арманы асқақ оқушының бірі Дарынды балаларға арналған № 9 «Зерде» мектебінің оқушысы Нұрәлі Сарбақыш.

Арманы биік Нұрәлі болашақта туған қаласы Астананың қоғамдық көлік жүйесін автоматтандырып, қала тұрғындарына ыңғайлы жүйе құрсам деген арманы бар. Шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап өскен, толған, кемелденген шағында туған елі Қазақстанға қайта оралам деген жоспар да құрып үлгерген. Елдің де, жердің де болашағы Нұрәлідей болашағынан үлкен үміт күттіретін жастардың қолында. Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деген кемел сөзі еріксіз қаперімізге орала берді. Елім дейтін ұрпақ барда, ерім дейтін ел бола білейік.

«Мен Нұрәліні 7 сыныптан білемін. Баланың физикаға деген ынтасы өте жоғары және өте еңбекқор, өте ұшқыр ойлы. Шөп те болса жердің құнарына байланысты өседі, бұл баланың ынта-жігері, математикалық, физикалық ойлау қабілеті озық екені танылды және ар жағында негіз бары байқалды. Оқушым қалалық, республикалық және Жәутіков атындағы Халықаралық олимпиадаға қатысып жүр. Енді міне шетелдің үздік ЖОО-на грант жеңіп алып отыр. Мен үшін бұл үлкен мәртебе», деді физика пәнінің мұғалімі Хатап Хамбар. «Мен қазіргі кезде Финляндия елінің ЖОО-нан, сосын Назарбаев Университетінің жауабын күтіп отырмын. Ал АҚШ-тың ЖОО-на берген өтінішім қанағаттандырылмады. Оған қатты өкініш білдіріп отырғаным жоқ. Негізі өзім ішімнен шешім де қабылдап қойдым, осы елдердің ішінен Германияны таңдап отырмын», деді Нұрәлі Сарбақыш.

Қазіргі күнде Нұрәлі шетелдің алты жоғары оқу орнына өтініш беріп, төртеуінен оқуға қабылдандың деген жағымды жаңалық алып отыр. Атап айтар болсақ Германия, Қытай, Кипр, Катардың ЖОО-на жолдамасы қалтасында. Енді тек алдында таңдау тұр. Ең қиыны да сол болмақ. Шетелге оқуға түсу бір арман болса, енді түсіп алып төрт ЖОО ішінен бірін таңдау да оңай емес.

«Иә, ол біздің мектептегі ең үздік оқушы деп айта алмаймын. Нұрәліден де үздік оқитын, республикалық, халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындар алып жүрген балалар бар. Бірақ, оның ғылымға, білімге деген көзқарасы, өмірлік ұстанымы өзгеше. Мысалы, ол шетелдің бір жиырма шақты университетіне тест тапсырды. Қазіргі күнде соның төртеуінен оң нәтиже келіп отыр. Біз оқу жылы басында 11 сынып оқушыларына шетелдің қай ЖОО-да тегін білім алуға болатыны туралы ақпарат бердік. Олар өздері таңдап, конкурсқа қатысып жатыр. Өткен жылы біздің жеті түлегіміз шетелге оқуға түсті», деді директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Самат Есенбеков.

Нұрәлі ата-анасының тұла бойы тұңғышы. Отбасында үш бала. Қазақта «Алдыңғы дөңгелек қалай жүрсе, артқысы да солай жүреді» деген тәмсіл бар. Ата сөзін ақылға алып Нұрәлі де бауыр-қарындасына оқуда, білімде үлгі көрсетуде.

Нұрәлі «Зерде» мектебінің 11(ә) сыныбының оқушысы. 7 сыныпта осы мектепке тест тапсыру арқылы, конкурстан өтіп түскен. Нұрәлінің Физика саласына құштарлығы жоғары екенін осы мектептің физика пәнінің мұғалімі Хатап Хамбар ағайы байқаған. Ұстаз содан бері «шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, шәкіртіне физика саласының сан қырын қарапайым тілмен түсіндіре отырып, оқушының ғылымға деген құштарлығын, ынтасын оятқан. Оқушы қалалық, республикалық пәндік олимпиадаларға қатысып жүлделі орындардан көрінген.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz