Елордада тұңғыш рет плоггинг өтті: қалалықтар жүгіріп, қоқыс жинады

Экологиялық науқанға 400-ден астам қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Бүгін «Спарта Астана», «Біз таза ел үшін» экологиялық қозғалыстары мен «Спарта Астана» клубы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Менің қалам – таза қала» акциясын өткізді.


Плоггинг – әлем бойынша танымал шара. Ұйымдастырушылардың атап өтуінше экологиялық қозғалыс – салауатты өмір салтын ұстану мен табиғатқа деген қамқорлықтың үйлесімділігі. Акцияға қатысушылар жүгіру кезінде қоқысты жинайды.


«Бүгінгі іс-шара – плоггинг. Оны біз қоршаған ортаны сақтау және табиғатқа деген қамқорлықты таныту мақсатында өткізіп отырмыз. Жақында біз жүгіріп өтіп, қаладағы қар еріген соң, қоқыстың көп екендігін байқадық. Сол себепті біз пайдалы шараны ұйымдастыруды жөн көріп отырмыз. Бізді көпшілік қолдағанына қуаныштымыз», – дейді экобелсенді Әсел Құспанова.

Барлығы акцияға 400-ден астам адам қатысты. Қала тұрғындары таңның атысынан Орталық және Триатлон саябақтарында, Ботаникалық бақта, Кеңесары ханның ескерткіші маңында жиналды. Белсенділердің тағы бір тобы «Жерұйық» саябағында жиналып, аумақты ретке келтірді.


Плоггинг аясында қоқыс жиналған ең үлкен қапшықты анықтауға бағытталған конкурс өткізілді. Әр саябақта белсенділер тобы қаптарды таразыда өлшеп, жеңімпаздарды анықтады. Сондай-ақ, елорданың саябақтарында өңдеуге жөнелтілген қоқысты іріктеу бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz