Нұр-Сұлтанда «Жасыл Ел» еңбек жасағына 120-дан астам адам жұмысқа орналастырылды

Олар қаланың жасыл белдеуіндегі ағаштарға күтім жасайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

1 маусымнан бастап «Астана Орманы» ЖШС 120-дан астам адамды жұмыспен қамтыды, деп хабарлады «Жасыл Ел» қалалық штабы. Нұр-Сұлтанның жасыл белдеуі – Қазақстан астанасының айналасында жаппай орман өсіру жобасы.

«Астана Орманы» ЖШС-де жастар қала маңындағы жасыл белдеуде (оның 11 502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған) және қала аумағында еңбек етуде. Олар 275 350 дана тал мен көшеттерді – сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, қарағай, көде, боз жиде, терек ағаштары мен көшеттерді қопсыту және суарумен айналысады.

Бұл ағаштарға күтім жасау арқылы жастар табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына өз үлестерін қосып келеді.

«Астана Орманы» ЖШС мекемесінде жастар 90 мың тенге жалақыға қоса «Жасыл ел» жобасынан арнайы бөлінген 35 394 тенге сыйақыға ие болып, өз еңбектерін жалғастыруда», – деді қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек.

Қазіргі уақытта «Жасыл Ел» жобасы аясында жастар үш санатта жұмыс жасауда.

Атап айтқанда, 14 пен 17 жас аралығындағы көп балалы және аз қамтылған отбасылардың жастары, 17-22 жас аралығындағы студенттер және одан үлкен топ, яғни 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыздар.

Жалпы, жарты жылдың қорытындысы бойынша «Жасыл ел» жобасы аясында 1087 жас жұмысқа орналастырылды.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz