Ынтымақ бар жерде бақыт бар

Өнегелі отаудың өрісі кең. 10 жыл бұрын отау құрып, отбасы атанған Шыңғысхан Қожахметов пен Айсұлу Сванқұлованың осы уақыт аралығында бірге бағындырған белестері аз емес. Жас отбасы былтырдың өзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елорда әкімдігі ұйымдастырған «Отбасы – бақыт мекені» атты байқауда топ жарып, екінші жүлдені қанжығасына байлаған еді. Астана әкімдігі ресми сайтының тілшілері тәлімді жанұямен кездесіп, отбасылық бақыттың құпиясын біліп қайтты.

Көпбалалы отбасының былтырғы сайыста да жүлдегер атануына бірден-бір септігін тигізген – сол ауызбіршілігі. Бір-ақ күннің ішінде сайысқа дайындалып, жақсы нәтиже көрсетті олар. Екінші орынға ие болып, республикалық сайысқа жолдама алды. Жоғары деңгейдегі байқау бұдан да көп жауапкершілікті талап етсе керек. Балалар бұл жерде де ата-аналарын қолдады. Олар өз өнерлерін ортаға салып, жылдамдық, шапшаңдық танытатын жарыстарда өздерін жұмылған топ ретінде көрсете білді. Осылайша, «Отбасы – бақыт мекені» байқауының республикалық кезеңінде Шыңғыс Қожахметовтің жанұясы бас жүлдені еншіледі. Мұндай нәтижеге кез келген отбасы қол жеткізе бермейді емес пе?!

«Айсұлу екеуміз үйленердің алдында қандай жағдай болса да, бір-бірімізге ренжігенімізді басқаларға көрсетпейміз деп келістік. Ұрысып қалсақ, оның бәрі де біздің бөлменің қабырғасында қалады. Бір-бірімізден ештеңені жасырмаймыз. Түсініспеушілік болмасын деген ниетпен, ашық сөйлесіп, бәрін реттейміз», - дейді отағасы Шыңғысхан.

9

Бұл отбасының негізгі құндылығы – жарасқан бірлігі. Жұбайлар арасындағы түсіністік пен сыйластық, балалардың арасындағы сүйіспеншілік пен татулық көпбалалы жанұяны өзгелерге үлгі етеді.

«Тұңғышымыз өрт сөндіруші, Әбілхайыр тәртіп сақшысы болғысы келеді. Біреуі боксқа, енді бірі күреске әуес. Ұлдар маған айта алмаған сырын әкесіне айтады. Тәрбиеге келгенде осының барлығын есепке аламыз. Балаларға ерік беруге тырысамыз. Оларды намысшыл болуға, шындықты айтуға, өзара тату болуға үйретеміз. Өзіміз де балаларға үлгі болуға да тырысамыз», - дейді анасы.

Ерлі-зайыпты Шыңғысхан мен Айсұлу бүгін елгезек мінезді 3 ұл мен 1 қыз баланы тәрбиелеуде. Әбілмансұр, Әбілхайыр мен Ақназар спортқа бейім болса, Айлин – әкесінің ерке қызы. Үйдің үлкені Әбілмансұр – тоғызда, Әбілхайыр – жетіде, Ақназар – бесте және кенжесі Айлин – үш жаста. Балалардың мінездері әр түрлі. Әрқайсысының арманы да бір-біріне ұқсамайды. Балақайлардың ата-анасы олардың әрбіреуімен сырласуға тырысады.

«Жұбайым – жан-жақты тұлға. Ол халықаралық әуежайдағы авиациялық қауіпсіздік қызметінде маман болып жұмыс істейді. Ал үйде ол – ошақ иесі. Мен «НұрОтан» партиясының «Бірлік» қалалық филиалы төрағасының орынбасары болып қызмет атқаратыныма байланысты бос уақытым көп бола бермейді. Сол себепті балалардың мектептегі оқу үлгерімі де, оларды тәрбиелеу ісі де жеңгеңіздің мойнында. Жұмыс та істейді, үй ішіндегі тірлік те бар... Осының бәріне қалай үлгеретініне өзім де таң қаламын. Оның айтқан кеңестеріне қашанда құлақ түріп жүремін. Қай жерде жүрсек те, қашан жүрсек те маған демеушілік көрсететін бірден-бір жан – менің жұбайым. Адал жар, от анасы деген осы шығар, сірә?!» - дейді Шыңғысхан Қожахметов.

Отбасының отын жағып, түтінін түтетіп, бала тәрбиесімен тікелей айналысып, барлығын үлгеріп отырған Шыңғысханның асыл жары – Айсұлу да ерінің бұл талаптарына қарсылық білдірмепті. Баласыз үйдің қу мазар екендігін түсінеді ол. Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді демекші, Шыңғысханның қызметінде абыройлы азамат болуы да Айсұлудың арқасы.

«Алматыға барып, Айсұлумен үшінші рет кездескенімде оған менің жұбайым болшы деп ұсыныс жасаған едім. Мен болашақ жарыма көп бала тәрбиелеуді қалайтынымды айттым. Айсұлудың менімен өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып, бар қиындығын бірге кешіруге дайын болуы керектігін түсіндірдім. Бүгін міне 4 баланы сүйіп отырмыз. Алдағы уақытта тағы 3 баланы дүниеге әкелгіміз келеді», - деп бөлісті отағасы Шыңғысхан Қожахметов.

Бұл – ерлі-зайыпты Шыңғысхан мен Айсұлу. 2008 жылы шаңырақ көтерген жұбайлар үйленердің алдында небары үш рет кездескен. Алматы мен Шымкент қалаларының арасындағы зор қашықтық олардың бір-біріне деген сезімдерінің нығаюына еш кедергі келтірген жоқ. Махаббат жалынының қаулағаны сонша, бір-екі күннің ішінде ұнатып қалған бойжеткенге жас жігіт өзінің болашаққа арналған барлық жоспарларымен бөліскен екен.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz