Мүсәпірлер панасы

Қала әкімдігінің жанында қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметке қайта қосу орталығының жұмыс істейтінін көпшілік біле бермейді. Мұнда оларға психологиялық, медициналық, тамақпен қамтамасыз ету, құжаттарды қалпына келтіру сияқты әлеуметтік қызметтің 8 түрі көрсетіледі. Астана әкімдігі ресми сайтының тілшілері аталмыш орталыққа барып, ондағы тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, орталық қызметкерлері қала тұрғындарын бірлесіп жұмыс жасауға, азаматтардың тағдырына бей-жай қарамауға шақырады.

Қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметке қайта қосу орталығында кітапхана бөлімі де ұйымдастырылған. Орталықтың қорында мыңнан астам кітап бар. Қызмет алушылар өз уақытын кітап оқумен, теледидар көрумен өткізеді.

Осында қызмет алушылардың енді бірі – Анна Татаринова. Орталық қызметкерлері аяздың кесірінен саусақтарынан айырылған әйелге мүгедектігін рәсімдеп, оның әлеуметтік жәрдемақы алуына себепші болыпты. «Орталықтың басшылығына деген алғысым шексіз. Бұл жерде әр тұрғынға «сіз» деп сөйлейді. Өзіңді тұлға сезінесің. Күніне үш мезгіл тамақ беріледі. Киім-төсегіміз таза, жуынатын орнымыз бар. Одан артық не керек?!» - дейді Анна Татаринова.

«Мен Астанадағы көлік жуу орталықтарында жұмыс істеп жүрдім. Кейін денсаулығым сыр берді. Қиын жағдайға тап болғанымды көрген орталықтың әлеуметтік-ұтқыр жасағы мені осында алып келді. Пернебайды алғаш рет сонда көрген болатынмын. Сол кезде ол жүре алмайтын-ды. Мен кірін жуып, күтім жасадым. Қазір біз – ерлі-зайыптылармыз. Баспанамыз жоқ болғандықтан, ара-тұра осында қайтып оралуымызға тура келеді. Мамандардың бізге деген қарым-қатынасына ризашылығымыз зор», - дейді Татьяна.

Егер қиын жағдайға тап болған азамат Астанада тіркелген болса, онда мұндай адамдар әлеуметке қайта қосу орталығында бір жыл тұруға құқылы. Өңірлерден келген жандар әлеуметтік қызметтерді бір ай көлемінде ала алады. Динара Шапинаның айтуынша, баспанасы жоқ адамдар мұнда жиі оралады екен. Қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметке қайта қосу орталығының қызметін үнемі алып жүргендердің бірі – Пернебай Аимбетов. 46 жастағы ер азамат осыдан бірнеше жыл бұрын елордаға Тараздан жұмысқа келіп, мүгедектікке шалдығады. Тағдыр тәлкегімен осында түскен ол өзінің өмірлік серігі Татьяна Кимді кездестіреді. Сол себепті ер азаматтың өмірінде бұл мекеменің алар орны ерекше.

Қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметке қайта қосу орталығында 180 төсек-орынға есептелген күндізгі бейімдеу бөлімінен басқа, 50 адамға арналған түнгі баспана да жұмыс істейді. Орталықта әйелдер мен ер азаматтар үшін бөлек-бөлек ғимараттар қарастырылған. «Бүгін орталықта 254 адам тұрып жатыр. Мұнда келетін адамдар саны жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп отырады. Астананы жайлаған аязды күндері біздің әлеуметтік-ұтқыр жасағымыз рейд шараларын күшейтті. Өткен аптада бізге 91 адам жеткізіліп, олардың барлығына да толыққанды көмек көрсетілді. Аязды аптада орталықта 281 адам әлеуметтік қызметпен қамтылды. Күн сайын диспетчер барлық тірек пункттеріне, ПИК-ге, вокзалға қоңырау шалып, дала кезіп жүрген азаматтардың бар-жоғын сұрайды. Егер ондай адамдар бар болса, оларды қала бойынша сағат 9:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейтін арнайы жасағымыз орталыққа алып келеді», - деп түсіндірді қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметке қайта қосу орталығы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Динара Шапина.

Қала әкімдігінің жанында қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметке қайта қосу орталығының жұмыс істейтінін көпшілік біле бермейді. Мұнда оларға психологиялық, медициналық, тамақпен қамтамасыз ету, құжаттарды қалпына келтіру сияқты әлеуметтік қызметтің 8 түрі көрсетіледі. Астана әкімдігі ресми сайтының тілшілері аталмыш орталыққа барып, ондағы тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz