Қыш құмандардың кішкентай аралы

Шөлдесең, шөліңді қандыратын, ұйқың келе қойса, сергітетін, тоңсаң, бойыңды жылытатын, шайға деген қазақ халқының ықыласы айрықша. Шайдың дәмі, әлбетте, дайындалған ыдысына, яғни шәйнекке тікелей байланысты. Ал ыдыстың бұл түріне қыш шәйнектерді елу жылдай жинаған астаналық тұрғын Орал Қашқынбековадан артық бағасын ешкім бере алмас. Елорда әкімдігі медиа орталығының тілшілері апамыздың ерекше топтамасын көріп, қыш құманға демделген сусыннан дәм татып қайтты.

«Олай болса, қыш шәйнекте демделген шайды міндетті түрде сіздің қолыңыздан ішіп көру керек, Орал апа», - деп айта жөнелдік біз құпияны білген соң. Апамыз бізге шайды өзімізге ұнаған құманға салып әзірлейтінін айтып, таңдауымызға ерік берді. Пирамидаға ұқсас шәйнекті алып шай құюшыға ұсындық. «Қыш құманда шайды қайнатудың қажеті жоқ. Шайдың үстіне ыстық су құйып, құманның қақпағын жауып қойсаңыз жеткілікті. Екі-үш минуттан кейін дайын бола қалады. Қазақ халқы жақсылап тұрып шай ішкенді жақсы көреді ғой», - деп Орал апа шай дайындап, шөлімізді қандырса керек.

Естеліктерімен бөліскен соң жарты ғасырдай уақытын ас үйдің таптырмайтын бұйымын жинау ісіне арнаған апамыз медиа орталықтың тілшілеріне не себепті тек қыш құмандарды жинайтынын айтты. «Шындығына келгенде, фарфордан жасалған ыдыстар бүгін кез келген дүкенде сатылады. Ал керамикалық ыдыстарды іздеп көру керек. Сол себепті де менің жинап жатқан шәйнектерім түр-түсімен ғана емес, жасалатын материалымен ерекше десе де болады. Эксклюзив! Оған қоса, балшықтан жасалған шәйнекте демделген шай ұзаққа дейін суымай, сусынның хош иісі мен дәмін сақтайды», - деді ол.

«Шәйнектерім көп. Көріктігі көздің жауын алады. Әр шәйнек маған өзінің формасымен, дизайнымен, түсімен ұнайды. Жақындарым қайдан алып келсе, сол елде болып қайтқандай күй кешемін. Бірақ, жолдасым сыйға тартқан алғашқы қыш шәйнек мен үшін қашанда ыстық болып қала береді. Соған қарамасам, екеуміздің отбасылық алғашқы жылдарымыз, тұңғышымыздың бала күндері көз алдыма келеді», - деп жалғастырды Орал Юсупқызы.

«Менің немен шұғылданатынымды білетін достарым, жақындарым Жаңа жылға, 8 наурызға, туған күніме тек қыш шәйнектерді сыйлайды. Өйткені бұл мен үшін ерекше сыйлық. Мен әр құманға оны сыйлаған адамның есімі, әкелінген елдің атауы, әкелінген жылы жазылған қағазды салып қоямын. Мысалы, мынау шәйнек – соңғы келген шәйнек. Оны маған ұлым Голладиядан алып келді», - деп көрсетті анасы, ақшыл түске боялған төртбұрышты құманды алып.

Бүгін Орал апаның топтамасын толтыруға оның балалары, немерелері, туған-туысқандары мен жора-жолдастары да ат салысады. Шетел асса, қыш шәйнекті сатып алу үшін дүкенге соғуды ұмытпайды. Орал Юсупқызының сөресінде Греция, Италия, Ұлыбритания, БАӘ сияқты елдерден әкелінген шәйнектер бар. Құманның қайдан және қашан келгенін білу үшін апамыз кішкене қағаздың бетіне қажетті мәліметтерін түсіріп, тиісті құманға салып қояды.

«Ол кезде біз Қарағандыда тұратынбыз. Керамика тапшы, жоқ десе де болады. Қыш ыдыстар қаламызға Мәскеуден, Ригадан, Киевтен әкелінетін-ді. Үйіміздің жанында ыдыс сататын дүкенге барып, мен ылғи балшықтан жасалған шәйнектерді сұрайтынмын. Дүкендегі қыздар шәйнектер келгенде, бірден маған телефонмен хабарлайды сонда. Кейін мен барып, өзіме ұнағанын таңдап алатынмын», - деп жымия еске алады Орал Қашқынбекова.

Орал Қашқынбекованың шәйнектерді жинауына өзінің өмірлік жан жары Қайырберлі ағамыз себепкер болыпты. 1969 жылы Мәскеуге барған іс-сапарынан ол жұбайына жаңажылдық мерекелердің қарсаңында сыйға қыш шәйнекті алып келеді. Керамикаға деген ыстық ықылас осы тұстан оянса керек.

Орал Қашқынбекованың топтамасында бүгін 113 шәйнек бар екен. Олардың әрқайсысының пішіні алуан түрлі. Бір-біріне мүлде ұқсамайды. Шүмекті құтылардың арасынан Лондондағы Биг бен сағатын, мысырлық Пирамиданы, әр түрлі жануарларды, құстарды, үшбұрышты, төртбұрышты, сопақша келген шәйнектерді көруге болады.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz