Зағип болу - соңғы үкім емес

Зағип болу - соңғы үкім емес Адам айналасындағы ақпараттың 90% көру арқылы алады. Тек он пайызын ғана басқа дене мүшелері арқылы сезінеді. Көз жанарынан айрылған жандар айналаны қалай қабылдайды, қалай өмір сүруде, бұл туралы елорда әкімдігінің медиа орталығының тілшілері баяндайды. Біз бүгін соқыр болып туылған 9 жасар бала жөнінде айтпақпыз.

Ернұрды бақытты бала деуге болады. Оның қасында жақсы көретін ата-анасы, інісі және достары бар, ол көп уақытын солармен бірге өткізеді. «Бәрінен бұрын өзімнің анамды, әкемді, інімді жақсы көремін. Достарым да көп, Абылай, Сұлтан, Шыңғыс, Лиза», - дейді балақай ағынан жарылып. Барлық бала әртүрлі. Ата-ана да тәрбие барысында не істеу керектігін тереңінен түсініп, олардың не қалайтынын, негізгі мақсаты қандай екенін жете аңғаруы тиіс. Көзі түк көрмейтін болса да толыққанды өмірді сүруге болады, алайда бұл оңай шаруа емес. Оның әр адам өзі шешеді. Әрине, оның шешім жасауы көп жағдайда ата-анасына байланысты. Баланың өз қиындығын жеңіп шығуын үйренуіне ата-ананың қолдауы қашан да қажет.

«Біз кәдімгі мектепте оқытылатын жалпы білім беру бағдарламасына сәйкес пәндерден сабақ үйретеміз. Ернұрдың сүйіп оқитын пәні ағылшын, себебі оның ауызша сөйлеуі жақсы әрі оның есте сақтау қабілеті де зор, көптеген әндерді жатқа біледі. Мен Ернұрдың арнайы музыкалық білім алғанын қалар едім», - дейді зағип балаларға арналған №10 мектеп-гимназияның бастауыш сынып оқытушысы Сәуле Сағымбаева.

№ 10 мектеп-гимназия елордадағы бірден бір зағип балаларға ерекше көңіл бөлетін оқу орны. Мектепте небары 20 сынып бар, оның 18-інде көру қабілеті бұзылған (астигматизм, миопия, қыли көз) және екі сынып зағип балаларға арналған.

Күн көзін өмірінде мүлде көрмегендер әлемді қалай елестетеді екен? Туылғаннан соқыр болатын жандар құндақтағы нәресте кезінен бастап айнала туралы да, оның түсі қандай болатынын да білмейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз әлемді өзінше тануға тырысады. «Ұлым барлық нәрсеге қызығады, не естиді, дереу сұрап, ұстап, сипап көруге тырысады. Оның бұл қызығушылығы мен жарыққа шығара бастаған кезде яғни концерт, музей, циркке ертіп жүруден басталды. Сол себепті, осындай баласы бара аналарға оны үйде ұстап отырмай, дамыту керек деген кеңес айтар едім», - дейді Ернұрдың анасы.

Қазір тоғыз жастағы Ернұр көру қабілетінен айрылған балаларға арналған 2 сыныпта оқиды. «Баланың психологиясы басқа бүлдіршіндерге қарағанда өзгеше екені көрініп тұр. Ол өте талантты бала, музыканы нәзік қабылдайды, әннің ритмін, характерін түсінеді, мінезі ашық-жарқын. Оған ерекше машықтану қажет, өйткені әнді бүкіл жан-дүниесімен беріліп орындайды», - дейді музыка пәнінің оқытушысы Антонина Полторацкая.

«Мен ән салғанды, би билегенді өте қатты жақсы көремін, Шәмші Қалдаяқовтың «Атамекен» әнін, Джиган, Тимати, Юлия Савичева сияқты әншілерді сүйіп тыңдаймын. Үлкен сахналарға шығып, халықтың әншісі болғым келеді», - дейді ол

"Үйде әжеміз әрдайым қазақ халық әндерін айтатын, сол кезде ол да оның қолынан ұстап алып ән сала бастады. Сол кезде біз оған ән салудың ұнайтынын байқап, караоке мен музыкалық орталық сатып алып, оны дамыта бастадық", - дейді Камила Бәйменова. Жасының кішкентайына қарамастан ол үлкен сахнаға шыға бастаған. Ол республикалық "Ақ көгершін" конкурсының гран при иегері. Астанада ұйымдастырылған ресейлік әнші Диана Гурцкаяны қарсы алуға шақырылып, "Атамекен" әнін шырқаған

Көз жанары соқыр болғанына қарамастан баланың өмірге деген қызығушылығы керемет, ол заттарды сипап көру арқылы білуге тырысады. Одан басқа, Ернұр үш жасынан бастап қазақ халық әндерін тыңдап өсті. Алты жасынан "Алтын бесік" балабақшасына барды.

2

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz