Іңгәлаған елорда

Расында, осы мекеменің қабырғасында қаншама сәбидің кіндігі кесілді...біреудің жылдар бойы күткен тұңғышы - аңсаған ұлы, тағы бірінің қызы...немере-шөбересі туды... Бұл талай жанға «бауы берік болсын» деген ақжарма тілегі алғаш айтылған жер... Жұмысын жарты ғасыр бұрын бастаған перзентханаға талай әйел ішін ұстап, «босануым қалай өтеді екен?» деген үйреймен кірді... Талай ана аман-есен босанған соң, бұл жерден құртақандай қуанышын бауырына басып, «үлкен азамат болады» деген үмітпен шықты...

«Елорданың денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істейтін басшылардың көбі, жергілікті целиноградтықтардың біразы осы перзентханада дүниеге келген. Себебі, ол кезде бұл қаладағы жалғыз перзентхана болған-ды», - деді медиа орталықтың тілшілеріне берген сұхбатында Айгүл Дюсембаева.

Айта кетейік, Астанада үш перинаталдық орталық бар. Үшеуі де жоғары материалды-техникалық база мен үшінші деңгейге ие. Алайда №3 орталықтың өзгелерден мерейін үстем ететін бір ерекшелігі бар. Дәлірек айтқанда орталықта жоғары технологиялы оталар жасалады. Соның бірі -жатырдағы баланың жолдасының өздігінен шықпай қалған жағдайда отаның көмегімен аталған органды сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр. «Мұндай отаны алғаш болып Қазақстанда біздің орталықта жасалды. Бұрындары жатырға бітіп кеткен жолдасты шығару үшін тұтас жатырды алып тастауға тура келетін. Қазір, ондай қатердің алдын алуға мүмкіндік туындады. Оған қоса ота кезінде қан жоғалту қауіпі де азайды», - дейді ақ халаттылар

№3 перинаталдық орталық бас дәрігерінің емдеу алдын-алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Айгүл Дюсембаеваны сөзге тартып, аз-кем ақпарат алдық. Жыл сайын орта есеппен бұл орталықта 8 мыңға жуық сәбидің кіндігі кесіледі. Күн сайын 20-30, ал айына шамамен 700-ге жуық нәресте өмірге келеді. Орталықта бас-аяғы 450 шамасында адам жұмыс істейді. Басым бөлігі акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог сынды білікті мамандар.

Бұл орталықта шала туған балаларды күту бөлімінің ашылғанына үш жыл болды. Осы аралықта бұл бөлімнің мамандары 400-ге жуық баланың «күтіміне» атсалысты. Бөлім меңгерушісі Қарлығаш Ағыбаеваның айтуынша, баланың саулығы ананың күтіміне байланысты. «Баланың тез сауығуы ананың психологиялық жағдайымен тікелей байланысты. Оның дәлелі – босанған әйелдермен жұмыс істейтін психологтардың сөзіне сенсек, проблеманың барлығы әлеуметтік тұрмыстық жағдаймен байланысты. Тұрақты жұмыс, тұрғылықты жердің жоқтығынан басталатын проблемалар ең соңында баланың денсаулығына әсер етеді», - дейді Қ.Ағыбаева

Біз аттаған келесі бөлім - шала туған балалар реанимациясы, яғни мерзімінен бұрын туған балаларды күтетін қарқынды терапия бөлімі. Мұндағы ең кішкентай тіршілік иесінің салмағы 600 грамм болған деседі. «Бөлімше 12 орынға есептелген. Күн сайын жоқ дегенде екі-үш баладан түседі. Шала туған шақалақтарды жетілдіру үшін арнайы бөлме де бар. Кувезде жатқан балаға ананың жатырындағыдай жайлылық жасап, жарықты көп түсірмей, қараңғы кеңістік қалыптастырамыз. Бала салмақ қосып, жетілгеніне көз жеткізген соң үйіне шығарылады немесе шала туған балаларды күту бөліміне ауыстырылады», - деді реанимация бөлімінің меңгерушісі Ирина Божко.

Астана әкімдігі медиа орталығының тілшілері ақжолтай жаңалықтың куәсі болды. Біз барғанда шыр етіп өмірге бір сәби келді. Жай емес, ерекше бала. Олай болатыны, нәрестенің салмағы 5400 грамм. Білуімізше, бұл елордада мұндай салмақпен туған тұңғыш қыз бала. Екі ұлдың соңынан келген қызғалдағына ата-анасы Жаннұр деп ат қойды. «Алла, тіл-көзден сақтасын» деп, біз келесі бөлімді аралап кеттік...

«Бүгінде босанудың түрлі жолы бар. Соның ішінде аналар серіктеспен бірге босану әдісін жиі пайдаланады. Әдетте, серіктес болып жұбайы немесе әпкелері мен құрбылары жиі келеді. Тіпті, енелерін серіктес қылып ертіп келген әйелдер бар», - дейді №3 перинаталдық орталықтың босану бөлімінің меңгерушісі Эльмира Әлімжан. Эльмира Әлімжаның бұл орталықта жұмыс істеп келе жатқанына аттай он екі жылдан асты. Бір мүшелге татитын уақыт ішінде қанша әйелді босандырып, неше баланың кіндігін кескені айтпасақ та белгілі...

Орталыққа келген жүкті әйелдер үшін арнайы есік бар. Төбесінде «Қабылдау бөлімі» деп жазылған. Осы бөлімнің табалдырығын аттаған әйел жағдайына қарай басқа бөлімдерге бөлінеді... Айы-күні жеткен әйелдер босану бөліміне жіберіледі. Мезгілінен бұрын түскендер босануға дейінгі бөліміне жатқызылады. Ал анасы мен баласының өміріне қауіп бар деген тиіттей де күмән туған жағдайда операциялық жолмен босандыру үшін ота жасау бөліміне жіберіледі.

Ақмоладағы алғашқы перзентханаға биыл 53 жыл толды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп жатқан мекеме бүгінде №3 перинаталдық орталық деп аталады. Басқа перинаталдық орталықтардағы сияқты бұл мекеменің басты міндеті босануға келген әйелдің өмірін сақтап, сәбиінің сау болып тууына жағдай жасау.

Соңғы жиырма жылда арқадағы Астана алты алаштың алтын бесігіне айналды. Жүздеген жанды бауырына тартты. Мыңдаған адамға жаңа өмір сыйлады. Ең бастысы, бұл қалада өмірге келген сәбилер саны қаншама?!

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz