Астана тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды тапсырып, ақша ала алады

Бүгін Байқоңыр ауданында қайта өңделетін шикізатты қабылдау пункті пайда болды. Енді «ақылды» ауданның тұрғындары «Green Station» пунктіне қағазды, пластикті, целлофанды, шыны мен басқа да материалдарды тапсыра алады. 

Шикізат тұрғындардан аталымына сәйкес сатып алынады. Бағасы 3-100 теңгенің шамасында, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.


«Ақылды қала» жобасын іске асыру аясында Астанада бүгін салтанатты түрде қайта өңделетін шикізатты қабылдау пункті ашылды. Жобаны «Astana clean time» компаниясы Байқоңыр ауданы әкімдігімен, «Аstana Innovations» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асыруда.




«Қаланың әр тұрғыны ақшалай сыйақы үшін шикізатты қабылдау пунктіне тапсыра алады. Біз 11 түрлі материалды қабылдауға дайынбыз. Аталымына сәйкес шикізатты 3-100 теңгеден қабылдаймыз. Қазіргі таңда қайта өңделетін шикізатты қабылдайтын 9 пунктке 500 келіден астам қалдық өткізіледі», - дейді «Astana clean time» компаниясының бас директоры Тимур Исмағұлов.


Мәселен, қағаздың келісі үшін 3 теңге, алюминийдің келісі үшін 100 теңге алуға болады. Тұрғындар қоқыс үшін берілген сыйақының мөлшері емес, қоршаған ортаны қорғау ісіне қосылған үлес маңызды екендігін айтады.


 «Ауданымызда мұндай пункттің ашылғанын естігенде, біз қатты қуандық. Бірінші кезекте, бұл табиғатты қорғау ісіне қосатын үлесіміз. Сол себепті мен өз балаларыма қалдықтардың өңделетінін көрсеткім келді. Осылайша, уақыт өте келе жаһандық мәселе өзектілігін жоғалтады деп ойлаймын. Қарапайым ережелерді сақтау кез келген адамның қолынан келеді. Тіпті, ақшалай сыйақыға ие болу мүмкіндігі ұсынылып отыр», - деді аудан тұрғыны Кәмила Нарымбетова.

Айта кетейік, жыл соңына дейін Астананың «Ақылды ауданында» қайта өңделетін шикізатты қабылдайтын тағы 2 пункт орнатылады деп жоспарлануда.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz