Қысқы Арбаттағы серуен

Астанада Арбатты ашу идеясы Арай Ордабаеваға тиесілі. Идея қолөнершілер тап болатын қиындықтарды көрген соң туындаған. Қалада қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарды сатып алып, әуен тыңдап, қылқалам шеберлерінің салған суреттерін қарап демалатын орын пайда болды. Екі жыл ішінде Арбат қала тұрғындарының жайлы демалыс орнына айналды. Бас қаланың басты демалыс орнының қазіргі келбеті туралы Астана қаласы әкімдігінің сайт тілшісі дайындаған материалдан оқыңыз.   


Қолөнершілер мен музыканттардың көшесі күн сайын жайнап шыға келеді. Жаздыгүні бұл жерде ағаш, табиғи тас, металл бұйымдарды өз қолымен жасаған шеберлермен жүздесесіз. Ал қыстыгүні түрлі тоқылған заттарды көруге болады.  Бұл көше – фотографтар мен әдемілікті сүйетін жандар үшін таптырмас орын. Бұл жер әрдайым жаңа мүсіндермен толықтырылып тұрады. Бұл жерді кез келген мерекенің басталар орны деп атауға болады.


Біз де серуендеп, қыстың алғашқы күніндегі Арбатты көрейік дедік. Серуендеушілерді бұл көшенің әр бұрышында түрлі аспапта ойнап тұрған музыканттарды бейнелейтін қола шамдар қарсы алады.


«Beatles» де солардың жанында.


Шамалы жүрсеңіз, түрлі тақырыптағы музыкант скульптурлар мен ұлттық киімдегі кейіпкерлер алдыңыздан шығады.


Күн суытқалы шеберлер жылы павильонға көшкен, ал күн жадырап жылы болған күндері бұл жерден музыканттар мен қылқалам шеберлерін кездестіре аласыз. 

Жақында шеберлер көшесі тағы бір кіші нысанмен толықты. Ол жастарға арналған күйме, бұл орын жастардың бір-біріне жылы сөздер айтып, естелік фотоға түсетін орны боларына сенімдіміз.


Ал кішкентайларға ойын алаңдары қарастырылып, ересектер ыстық кофе іше отырып әңгімелесуіне болады.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz