Эндоскопист дәрігердің ғажайып топтамасы

Балалар дәрігері Марат Қанапиев 18 жылдан бері жүзге жуық түрлі заттарды жинап келген, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Есін білмейтін бүлдіршіндер өзін қоршаған әлемді сезім түйсігі арқылы таниды. Айналадағының бәрі таңсық болатындықтан, олар кез келген затты ұстап, дәмін татқысы келеді. Түрлі заттарды жұтып қойған кішкентай бүлдіршіндердің ауруханаға үнемі түсуі міне, содан.


18 жыл бойы Марат Қанапиев жүздеген сәбидің өмірін сақтап қалған. Дәрігердің айтуынша, әр оқиға өз алдына қиын әрі ерекше. Балалар кішкентай түймелер мен тиындардан бастап одан да көлемді нәрселерді жұтып қояды. Бұл ойын барысында, тіпті стоматологиялық кабинетте болуы мүмкін. «Мәселен, тіс дәрігерінің нервтерді жоюға арналған өте өткір стоматологиялық құралы есіме түсіп отыр. Құрал стоматологтың қолынан құлап, бала оны жұтып қойған. Кішкентай пациент дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның асқазанынан қауіпті затты алып тастады», – деп есіне алды Марат Қанапиев.


Сондай-ақ, № 2 қалалық балалар ауруханасында мынадай қауіпті жағдай болған. Ойыншық тасбақаны жұтып қойған бала аурухана бөлімшесіне жеткізіледі. Өңеште тұрып қалған ойыншық тек бірнеше күннен кейін сыртқа шығарылған.

«Бала өте ұзақ уақыт бойы наркозда жатты. Операция келесі күні де жалғасты. Асқазанды ашып, ойыншық тасбақаны сол жерден алып тастауға мәжбүр болдық. Қазір баланың денсаулығы жақсы», – дейді дәрігер.

Марат Қанапиевтің топтамасында түрлі заттар бар: монеталар, кілттер, кеңселік заттар,  аккумуляторлар, магнит, әр түрлі қақпақтар, зергерлік бұйымдар, түймелер, ойыншық бөліктері мен қағаз қыстырғыштар. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың ішінен ең жиі шығарылатын зат – тиындар.


Жылдың басынан бері № 2 қалалық балалар ауруханасында осы жағдай бойынша 159 операция жасалды. Соңғы үш жыл бойы ешқандай өлім-жітім орын алмай, балалардың бәрі де құтқарылды.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz